АҚТӨБЕЛІК МҰҒАЛІМ «ТМД-ның ҮЗДІК ҰСТАЗЫ» АТАНДЫ
Ақтөбе облыстық мамандандырылған «Білім-инновация» лицей-интернатының тарих пәні мұғалімі, кәсіподақ мүшесі Орынбек Айбол Ерболұлы Астана қаласында өткен «ТМД-ның үздік педагогы» халықаралық байқауында жеңімпаз атанып, «ТМД-ның үздік ұстазы» атағын иеленді.
12 жылдан астам педагогикалық тәжірибесі бар ұстаз тарих пәнін оқытуда заманауи әдіс-тәсілдерді тиімді қолданып келеді. Айбол Орынбектің сабағында оқушылар тарихи оқиғаларды сахналап, қылыш пен қалқан макеттері арқылы шайқастарды модельдейді. Бұл әдіс әлеуметтік желілерде кең таралып, 1,5 миллионға жуық қаралым жинаған.
Сонымен қатар педагог сабақ барысында жасанды интеллект құралдарын, жобалық оқыту, дебат және Steam элементтерін жүйелі қолданады.
2025 жылы «Qazaqstan» ұлттық арнасы оның сабақ беру әдістемесі туралы арнайы сюжет түсірді. Сондай-ақ, ол «Елді ояту үшін, тарихты ояту керек» бағдарламасына қатысып, 2026 жылы «Qazaqstan», «Aqtobe» телеарналарындағы бірнеше жобада тәжірибесімен бөлісті.
Ұстаз еңбегі түрлі марапаттармен бағаланған. 2025 жылы ҚР Оқу-ағарту министрі Алғысхатын алды. 2024 жылы «Дарынды балаларға – талантты ұстаз» облыстық байқауында ІІ орын иеленді. Ал, 2026 жылы халықаралық деңгейде «ТМД-ның үздік ұстазы» атанды.
Айбол Орынбектің шәкірттері республикалық ғылыми жобалар мен олимпиадаларда жүлделі орындар алып жүр. Бірқатар оқушылары білім гранттарын жеңіп алып, еліміз бен шетелдің беделді университеттерінде білім алуда. Осы уақытқа дейін ұстаз 5000-нан астам оқушыға білім берген.
Айбол Ерболұлының айтуынша, ұстаздық жолды таңдауына отбасындағы ағартушылық дәстүр әсер еткен. Оның атасы Уайыс өткен ғасырдың 30-жылдары Темірбек Жүргенов тапсырмасымен ауыл мектебін ашуға атсалысқан.
Ақтөбелік педагогтың бұл жетістігі өңірдегі білім саласының жоғары деңгейін тағы бір мәрте көрсетті.