ЕҢБЕК ДЕМАЛЫСЫНЫҢ ӨЗЕКТІ ТҰСТАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы Салалық кәсіподақтың Орталық комитетінің қолдауымен «2026 жылғы еңбек демалысы: рәсімдеу, өзекті мәселелер мен заңнамадағы өзгерістер» тақырыбында Жергілікті кәсіподақтың Тараз қалалық кәсіподақ ұйымының мүшелік ұйымдары үшін вебинар өткізді. Вебинар барысында еңбек демалысын рәсімдеу тәртібі, демалыс ұзақтығы, сауықтыру жәрдемақысын төлеу, қосымша еңбек демалыстары, еңбек өтілін есептеу және еңбек заңнамасындағы соңғы өзгерістер жан-жақты түсіндірілді.
Вебинардың кіріспесінде Жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков сала қызметкерлеріне сәттілік тілеп, еңбек құқықтарын қорғау мен құқықтық сауаттылықты арттыру бағытындағы мұндай кездесулердің маңыздылығына тоқталды. Іс-шара спикері облыстық кәсіподақ ұйымының бас инспекторы Алия Джолшибекова білім беру ұйымдары қызметкерлерінің еңбек құқықтарына қатысты маңызды мәселелерге тоқталып, педагогтердің 56 күнтізбелік күн еңбек демалысына және сауықтыру жәрдемақысына қатысты заңнамалық кепілдіктерді түсіндірді.
Вебинарда педагогикалық және педагогикалық емес қызметкерлерге берілетін еңбек демалысының ұзақтығы, қосымша ақылы демалыс түрлері, еңбек демалысының ақысы мен оны төлеу мерзімдері, демалысты ауыстыру және кері шақырту тәртібі кеңінен қамтылды. Сонымен қатар, азаматтық қызметшілерге берілетін сауықтыру жәрдемақысынан қандай салықтар мен аударымдар ұсталатыны жөнінде нақты түсіндірмелер берілді.
Кездесу барысында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, еңбек заңнамасына қатысты нақты жауаптар алды. Мұндай онлайн форматтағы кездесулер осы апта бойында барлық филиалдар үшін ұйымдастырылатын болады. Бұл мүмкіндік Салалық кәсіподақтың Орталық комитеті тарапынан ұсынылған Zoom платформасын тиімді пайдалану нәтижесінде жүзеге асырылуда.
Жамбыл облыстық ұйымы
-
Фото
-