ЖАС КЕЛСЕ - ІСКЕ
Еліміздің ертеңі – білімді ұрпақ тәрбиелейтін ұстаздардың қолында. Бүгінде жаңашыл ойы мен тынымсыз еңбегі арқылы шәкірт жүрегіне жол тауып жүрген жас педагогтардың бірі – Ұлықпанова Салтанат Ұлықпанқызы.
Салтанат Ұлықпанова – 1994 жылдың 25 сәуірінде Ақтөбе облысы Ойыл ауданы Қараой ауылында дүниеге келген. Бала күнінен ұстаз болуды армандаған ол, сол мақсатына табандылықпен қадам жасап, 2016 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетін «Химия пәні мұғалімі» мамандығы бойынша тәмамдады.
Қазіргі таңда, 2022 жылдан бастап, Соркөл орта мектебінде химия пәнінің мұғалімі қызметін атқарып келеді. Жас ұстаздың басты мақсаты – оқушылардың химия пәніне деген қызығушылығын арттырып, ғылымға құштар, ізденімпаз әрі білімді ұрпақ тәрбиелеу.
Салтанат Ұлықпанова кәсіби шеберлігі мен үздіксіз ізденісінің арқасында бірқатар жетістіктерге қол жеткізді. Атап айтқанда, «Ізденіс жолы – 2025» облыстық байқауында химия пәні бойынша І орын иеленсе, «PedOlimp» ІІ республикалық пәндік олимпиадасында да І орынға лайық деп танылды. Сонымен қатар, химия пәні мұғалімдері арасында өткен облыстық пәндік олимпиадада ІІ орын иеленді.
Білім саласына қосқан үлесі мен дарынды оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытудағы еңбегі үшін аудандық білім бөлімі тарапынан Алғыс хатпен марапатталды.
Ұстаз жетістігі – шәкірт жеңісімен өлшенеді. Салтанат Ұлықпанованың шәкірттері де түрлі білім бәйгелерінде жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Атап айтсақ, 2–7 сынып оқушылары арасында өткен «Зерде» республикалық зерттеу жұмыстары мен шығармашылық жобалар конкурсының аудандық кезеңінде жүлделі ІІІ орынға ие болды. Сонымен қатар, «Дарын» ғылыми жобалар байқауында ІІІ орын иеленіп, жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың аудандық кезеңінде І орын, облыстық кезеңінде ІІ орынға қол жеткізді. Сондай-ақ, «Ақбота» зияткерлік олимпиадасында І және ІІ орындармен марапатталды.
Ұлықпанова Салтанат Ұлықпанқызы – оқушылардың білімге деген құштарлығын арттырып, олардың жан-жақты дамуына ықпал етіп жүрген білікті де ізденімпаз ұстаз.