ЕҢБЕКПЕН БИІКТЕГЕН АЗАМАТ
Қазақ қашанда қарулыны – «алып», еңбекті – «қасиет» деп білген. Ал сол екі ұғым бір адамның бойынан табылса, ол елге тірек, ортаға үлгі болатын ерекше тұлға. Біздің кейіпкеріміз сондай жандардың бірі. Ол жүз жылдық тарихы бар Жамбыл облысы Қордай ауданы №23 Т.Рысқұлов атындағы орта мектебіміздің үнсіз еңбеккері, қара жұмыстың қайыспас шебері – Першин Владимир Викторович.
Ол 1966 жылы дүниеге келген, биыл 60 жасқа толып отырған, 30 жылға жуық мектеп қабырғасында аянбай еңбек етіп келе жатқан абзал жан. Қазақта «ағаш бір жерде көгереді» деген сөз бар.
Кейіпкеріміз де жалақысына қарамастан өз ісіне адал болып, еңбегін сүйіп келеді. Әріптестері оны тек білікті маман ретінде ғана емес, кең пейілді, сенімді дос, қиын сәтте жанынан табылатын нағыз азамат ретінде ерекше құрметтейді. Сынғанды жамап, тозғанды жаңартып, білім ордасының тынысын үзбей тұрған да осы азаматтың еңбегі.
2017 жыл мектеп ауыз су тапшылығын көрген ауыр кезең болды. Жаздың аптап ыстығында ер азаматтар бірігіп, құдық қазып, жерге су құбырын қағуға кірістік. Қолымыздағы ауыр балға әр соққанда жер сілкінгендей әсер қалдыратын. Бірнеше жігіт жабылып ұрған күшке татырлық соққыны Вова ағай жалғыз өзі-ақ 5-6 рет қайталап, бәрімізді таңғалдырды. Сол сәтте біз оның тек шебер емес, шын мәніндегі «алып тұлға» екенін ұқтық. Қазылған сол құдық талай жыл бойы мектепке нәр берді. Ұстаз да, шәкірт те, ауладағы әрбір тал мен гүл де сол судан қуат алды.
Ұлты өзге болса да, жүрегі қазақ деп соғатын азаматтың отбасы да қазақ тілін құрмет тұтады. Әлпештеп өсірген екі қызы қазақ тілін жетік меңгерген. Бүгінде қыздары қазақ азаматтарына тұрмысқа шығып, білім саласында еңбек етіп жүр. Мектептегі жылу жүйесі бұзылса да, орындық сынып қалса да бәрінің шешімі табылатын бір мекен бар, ол Вова ағайдың қолы. Ерекше бір еңбегі – темірден түйген шаңырағы. Әр 1 мамырда биікке көтерілетін сол шаңырақ жай ғана темір емес, ол татулықтың, бірліктің, адал еңбектің символы.
Жасы ұлғайса да, жігері мұқалмаған Вова ағай спорттық жарыстарда қол күрестен мектеп намысын қорғап, талай рет жүлде алды. Владимир Викторович атақ іздемейтін, бірақ еңбегімен биіктеген жан.
Оның әрбір істеген ісі үнсіз ерлік, маңдай тердің мөлдір көрінісі. Осындай қарапайым, бірақ қайсар адамдар барда қоғамның іргесі берік, болашағы нық болары сөзсіз.
Жамбыл облыстық ұйымы.