ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ ҰЛЫҚТАҒАН ҰСТАЗ
Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы Қалқабай Сартбаев атындағы орта мектеп ұжымында сыйлы әріптес, шәкірт жүрегінен орын алған ұстаздардың бірі – Кузембаева Мағрипа Бейбітқызы.
Мағрипа Бейбітқызы еңбек жолын 1995 жылы бастап, содан бері жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беріп келеді.
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ретінде әр сабағында оқушылардың тек білім алуына ғана емес, адамгершілік қасиеттерінің қалыптасуына да ерекше мән береді. Әріптестері оны өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, сабырлы, әрдайым ізденісте жүретін ұстаз ретінде жақсы таниды.
Оқушыларымен тез тіл табысып, олардың бойына адалдық, еңбекқорлық, табандылық сияқты қасиеттерді сіңіре біледі.
Мағрипа Бейбітқызы үшін ұстаздық жай мамандық емес, үлкен жауапкершілік. Ол әр баланың болашағына бейжай қарамай, олардың сыни ойлауына, сауатты сөйлеп, еркін пікір білдіруіне бағыт-бағдар беріп келеді. Сонымен қатар ұлттық құндылықтарды дәріптеп, ана тіліне деген құрметті шәкірт санасына сіңіруді басты міндетінің бірі деп біледі. Ұстаздың ең үлкен жетістігі шәкіртінің жетістігі. Бүгінде Мағрипа Бейбітқызы білім берген оқушылар түрлі салада жетістікке жетіп, ұстаз сенімін ақтап жүр.
Мектеп өміріндегі қоғамдық жұмыстардан да шет қалмайтын ұстаз әріптестеріне әрдайым қолдау білдіріп, өзінің тәжірибесімен бөлісіп келеді. Ұжым арасында сыйлы болуының да сыры қарапайымдылығы мен адамгершілігінде жатыр. Осындай ұстаздардың еңбегі өскелең ұрпақтың жарқын болашағына салынған берік негіз болмақ.
Жамбыл облыстық ұйымы.