ӨЗ ІСІНІҢ ШЕБЕРІ
Ізденіс пен жаңашылдықты ту еткен ақтөбелік ұстаз – Айдана Аманжолова қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің білікті маманы, зерттеуші-педагог. Ол 1990 жылдың 24 мамырында Ақтөбе облысы Ойыл ауданында дүниеге келген. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін үздік дипломмен тәмамдап, бүгінде Ойыл ауданындағы Ш.Бекмұхамбетова атындағы мектеп-гимназиясында табысты еңбек етіп келеді.
Айдана Аманжолова жыл сайын сапалы білім беріп, “Алтын белгі” иегерлерін дайындап келеді. 2021 жылы алғашқы түлектерін үлкен өмірге қанаттандырып, бір сыныптан алты оқушы “Алтын белгіні” абыроймен қорғап шықты. Бұл – ұстаз еңбегінің жемісі мен білім сапасының айқын көрсеткіші.
Айдана Аманжолова – шәкірт тәрбиесіне ерекше жауапкершілікпен қарайтын тәжірибелі сынып жетекші. Ол әр оқушының қабілеті мен қызығушылығын назардан тыс қалдырмай, түрлі үйірмелер мен шығармашылық жұмыстарға бағыттайды. Соның нәтижесінде сынып оқушылары қоғамдық және танымдық шараларға белсенді қатысады.
Оқушылардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру мақсатында Ойыл аудандық кітапханасымен бірлесіп, сыныбын “Сұңқар” патриоттық клубына мүшелікке енгізді. Бұл – ұстаздың шәкірт тәрбиесіне жанашырлықпен қарап, олардың рухани дамуына да мән беретінінің дәлелі.
Ұстаз шәкірттері облыстық, республикалық деңгейдегі білім додаларында тұрақты түрде жүлделі орындарға ие болып келеді. Атап айтқанда, оқушылары “Мұқағали оқулары”, “Мағжан оқулары” байқауларының облыстық кезеңінде І орын иеленсе, “Ақберен оқуларының” да жеңімпазы атанды. Шығармашылыққа баулуды басты назарда ұстайтын ұстаздың шәкірті Аманаллах Серікұлы “Жыр мүшәйрасы” ақындар байқауының облыстық кезеңінде ІІ орын иеленді. Сонымен қатар, пәндік олимпиадаларда да жүлдегер оқушыларды жыл сайын дайындап келеді.
Айдана Аманжолова өзі де кәсіби шеберлігімен танылып, облыстық пәндік олимпиадада ІІ орын иеленді. “Қазақ тілі мен әдебиеті сабағында тиімді әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, ұлттық құндылықтар арқылы оқу сауаттылығын арттыру” тақырыбындағы облыстық семинарда тәжірибесімен бөлісіп, Алғыс хатпен марапатталды.
Жас мамандарға бағыт-бағдар беріп, кәсіби қолдау көрсетіп жүрген ұстаздың ізденімпаздығы әріптестеріне үлгі.