АҚСУ ҚАЛАСЫНЫҢ БІЛІМ БЕРУ ҰЙЫМДАРЫНДА ҚҰҚЫҚТЫҚ ТӘРТІП ПЕН ЕҢБЕК ЖАҒДАЙЫ ТЕКСЕРІЛДІ
Павлодар облысы Ақсу қаласының білім беру ұйымдарында қызметкерлердің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау, сондай-ақ қолайлы әрі қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау мақсатында ауқымды қоғамдық бақылау шаралары жүргізілді.
Маңызды іс-шараға Павлодар облыстық ұйымының құқықтық мәселелер жөніндегі бас маманы Гүлшат Оралқызы Жаркенова арнайы қатысып, әдістемелік және құқықтық қолдау көрсетті.
Жұмыс тобы қаладағы мектептер мен балабақшаларды аралап, еңбек ұжымдарымен ашық жүздесулер ұйымдастырды. Сапар аясында сындарлы диалог алаңына айналған дөңгелек үстелдер өткізіліп, қызметкерлердің жеке мәселелерін тыңдау мақсатында қоғамдық қабылдау жұмыс істеді. Сонымен қатар, қаланың барлық 44 білім беру ұйымының бірінші басшыларымен онлайн режимде арнайы консультациялық сағат ұйымдастырылып, заңнамалық талаптарды түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Тексеріс барысында кәсіподақ ұйымдарының ішкі құжаттары, келісу және екі жақты комиссиялардың есептері, сондай-ақ әлеуметтік әріптестердің ұжымдық шарттар аясында қабылдаған міндеттемелерінің орындалу барысы мұқият қаралды.
Кездесулер барысында білім беру мекемелерінің бірінші басшыларының белсенділік танытып, ұжымдық шарт талаптарының мүлтіксіз орындалуына мүдделілік танытуы қуантарлық жайт болды.
Мұндай қоғамдық бақылау шаралары педагогтармен және техникалық қызметкерлермен тікелей байланыс орнатуға, оларды мазалаған өзекті сұрақтарға дер кезінде заңды әрі нақты жауаптар беруге мүмкіндік туғызды. Еңбек құқықтарының сақталуын бақылау жұмыстары алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасатын болады.
Ақсу қалалық кәсіподақ ұйымы
-
Фото
-