ҰСТАЗДЫҚТЫ ҰЛЫ МҰРАТ ЕТКЕН ҰСТАЗ
Орынбаева Балагүл Аманкелдіқызы 1974 жылдың 15 тамызында Қызылорда облысы, Қазалы ауданының Абай ауылында дүниеге келген.
1992–1996 жылдар аралығында Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің филология факультетінде білім алып, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандығын тәмамдаған.
Еңбек жолын 1996 жылы Қазалы ауданы, Әйтеке би кентіндегі №170 қазақ орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі ретінде бастады. Содан бері табан аудармай осы білім ордасында еңбек етіп келеді. Қазіргі таңда – педагог-зерттеуші. Ұстаздың жалпы еңбек өтілі – 30 жыл.
Мұғалім – қоғамдағы ең қадірлі мамандықтардың бірі. Ол тек білім беріп қана қоймай, жас ұрпақтың бойына ізгілік пен адамгершілік қасиеттерді сіңіріп, олардың өмірден өз орнын табуына бағыт-бағдар береді. Осы жолда Балагүл Аманкелдіқызы да қажырлы еңбек етіп, шәкірт тәрбиелеуде аянбай тер төгіп келеді.
Ұстаздың кәсіби шеберлігі мен ізденімпаздығының арқасында шәкірттері түрлі пәндік олимпиадалар мен республикалық байқауларда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп жүр. Атап айтқанда, оқушысы Гүлназ Жеңісбек Қанипа Бітібаева атындағы республикалық олимпиада мен ауыл олимпиадасында І орын иегері атанды. Сонымен қатар, шәкірті Нұрайым Бижан республикалық «Мәшһүр оқулары» байқауында ІІІ орын иеленді.
Қызылорда облыстық «Шамшырақ» оқу орталығы ұйымдастырған «Балаға ақыл айтпа, тұлға таныт» атты кітап оқу сайысында шәкірті Гүлназ Жеңісбек үздік нәтиже көрсетіп, 1 600 000 теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықты жеңіп алды. Сондай-ақ шәкірттері республикалық «Абай оқулары» байқауында да жеңімпаз атанып келеді.
Халық арасында «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» деген тағылымды сөз бар. Расында, жақсы ұстаздан тәлім алған шәкірттің болашағы жарқын болмақ. Балагүл Аманкелдіқызы жыл сайын оқушыларын Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындап, олардың грант иегері атануына өз үлесін қосып келеді. Бүгінде сол шәкірттерінің бірқатары өзімен әріптес болып, білім саласында қызмет атқаруда.
Осындай тынымсыз еңбегінің нәтижесінде ұстаз аудандық, облыстық және республикалық деңгейдегі түрлі марапаттарға ие болды.
Қоғамның болашағы – білімді ұрпақ. Ал сол ұрпақты тәрбиелейтін – ұстаз. Сондықтан ұстаз еңбегін бағалау мен құрметтеу – әрбір азаматтың парызы.