ІСІМЕН ҮЛГІ БОЛҒАН АЗАМАТ
Олжас Ерғалиұлы Байкубеков – Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы Б.Кейкиев атындағы орта мектеп директорының шаруашылық ісі жөніндегі орынбасары. Ол 2021 жылдан бері осы қызметті абыроймен атқарып, өз ісіне деген жауапкершілігі мен еңбекқорлығының арқасында ұжым арасында зор құрметке ие болып келеді.
Әрбір білім ордасының қалыпты жұмыс істеуінде шаруашылық саласының орны ерекше. Осы бағыттағы маңызды жұмыстардың уақытылы әрі сапалы орындалуына үлес қосып жүрген Олжас Ерғалиұлы мектептің материалдық-техникалық жағдайын жақсартуға, қолайлы білім беру ортасын қалыптастыруға аянбай еңбек етіп келеді.
Қызметке кіріскен күннен бастап мектептің шаруашылық жұмыстарына белсене араласып, кез келген іске үлкен жауапкершілікпен қарай білді. Мектептегі тұрмыстық және техникалық мәселелерді шешуде бастамашылық танытып, оқушыларға қолайлы жағдай жасау жолында көптеген жұмыстардың жүзеге асуына ұйытқы болды. Оның ішінде мектеп асханасына су жүйесін жүргізу секілді маңызды жұмыстарды ұйымдастырды. Ол қандай жұмыс болса да оны жауапкершілікпен атқарып, қарапайым еңбек арқылы үлкен нәтижеге жетуге болатынын дәлелдеп келеді. Ұжыммен тіл табыса білетін, әріптестерімен сыйластық қарым-қатынас орнатқан, әділдігімен және адамгершілік қасиеттерімен ерекшеленетін азамат ретінде танылған.
Белсенді кәсіподақ мүшесі ретінде де қоғамдық жұмыстарға атсалысып, ұжымның бірлігі мен ұйымшылдығын нығайтуға өз үлесін қосуда. Оның еңбекке деген адалдығы, табандылығы мен ұйымдастырушылық қабілеті көпшілікке үлгі. Еңбекті өмірінің басты құндылығы санайтын Олжас Ерғалиұлы қарапайым еңбегі арқылы құрметке бөленіп жүрген, өз ісімен үлгі болған нағыз азамат.
Жамбыл облыстық ұйымы.