ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАЛАЛАРДЫ ҚОРҒАУ КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!
Бүгін, 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесі күні, Ұстаз Алматы қалалық жергілікті кәсіптік одағының 2026 жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес Наурызбай ауданында өткізілген «Біз бақытты балалық үшін!» акциясының қорытындысы шығарылды.
22–30 мамыр аралығында өткен акция аясында ауданның кәсіподақ мүшелері – педагогтардың балалары арасында шығармашылық байқаулар ұйымдастырылды. Қатысушылар өз қалаулары бойынша сурет салып, қолөнер бұйымдарын жасап, түрлі шығармашылық жұмыстарын ұсынып, өз таланттарын паш етті. Байқау нәтижесінде үздік жұмыстар анықталып, жеңімпаздар мен олардың жетекшілері салтанатты түрде марапатталып, кәсіподақтың дипломдары мен сыйлықтарына ие болды. Балалардың шығармашылығын қолдау, олардың жарқын болашағына сенім арту және бақытты балалық шақ сыйлау – баршамыздың ортақ міндетіміз.
Осы айтулы мереке күні барлық бүлдіршіндерге зор денсаулық, шаттыққа толы балалық шақ, бақыт пен қуаныш тілейміз! Балалардың күлкісі әрқашан әлемді нұрландырып, әр отбасының бақытына айналсын!
-
Фото
-