ШӘКІРТ ЖЕҢІСІ – МЕКТЕП МЕРЕЙІ
Киелі Қарнақ ауылындағы білім мен тәрбиенің қара шаңырағына айналған Шаштөбе жалпы білім беретін мектебінде 2025–2026 оқу жылын қорытындылауға арналған «Жеңіс жолында жарқыраған шәкірттерге мың алғыс!» атты ауқымды мерекелік кеш жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Мазмұны терең, тағылымы мол шара білім ордасының бір жылдық толағай табыстарын саралап, жеңімпаз шәкірттердің мерейін үстем еткен ерекше думанға айналды.
Салтанатты жиынға Кентау қалалық мәслихатының төрағасы Қ.Елеусізов, Кентау қалалық мәслихатының депутаты Б.Хабибов, Салалық кәсіподақтың Түркістан облыстық ұйымының төрағасы Ж.Шайдулла, Кентау қалалық кәсіподақ комитетінің төрайымы М.Таукеева және ауылдың қадірлі ақсақалдары қатысып, мектеп ұжымының жеткен жетістіктеріне жоғары баға берді. Қонақтар өз сөздерінде Шаштөбе мектебінің соңғы жылдары білім сапасы, олимпиада жетістіктері, ғылыми жобалар, спорттық және шығармашылық байқаулардағы жеңістері арқылы Кентау өңірінің ғана емес, облыс деңгейіндегі үздік білім ошақтарының біріне айналғанын ерекше атап өтті.
Кештің басты кейіпкерлері – оқу жылы бойы қала, облыс және республика көлемінде өткен пәндік олимпиадаларда, ғылыми жобалар байқауларында, спорттық жарыстарда және өнер додаларында топ жарып, мектеп абыройын асқақтатқан дарынды шәкірттер болды. Сондай-ақ шәкірт тәрбиелеу жолында аянбай еңбек еткен ұстаздар мен балаларының әрбір жетістігіне демеу болып жүрген ата-аналар да көпшілік алдында лайықты құрметке ие болды.
Қызыл кілем үстімен жүріп өткен үздік оқушылар, мәртебелі ұстаздар мен аяулы аналар нағыз жұлдыздардай қарсы алынды. Әсем безендірілген сахна, мың бұрала билеген бишілер кештің көркін аша түсті. Жеңімпаздарға арнайы дипломдар, алғыс хаттар, ақшалай сертификаттар табысталып, үздіктерге «Жыл үздігі» статуэткалары берілді. Әрбір марапат иесінің қуанышы жиналған қауымның шаттық сезімімен ұштасып, мерекелік кешті нағыз жеңіс пен құрметтің, шабыт пен мақтаныштың алаңына айналдырды.
Шара барысында мектеп басшысы Байметов Ұлықбек Шерікбайұлының білім мен тәрбие саласындағы нәтижелі еңбегі ерекше аталып өтіп, мектептің жоғары жетістіктеріне қосқан сүбелі үлесі зор ризашылықпен бағаланды. Кентау қалалық кәсіподақ комитетінің төрайымы М.Таукеева мектеп ұжымын оқу жылының табысты аяқталуымен құттықтап, арнайы сыйлық пен құттықтау хатын табыстады.
Түркістан облыстық ұйымы
-
Фото
-