ЕҢБЕКПЕН ЕСЕЙГЕН ӨНЕГЕЛІ ӨМІР
Адамның шынайы байлығы — артында қалған өнегелі ізі, елге сіңірген адал еңбегі мен ұрпаққа қалдырған ғибраты. Әр адамның өмір жолы өз алдына бір тарих. Солардың ішінде еңбекпен есейіп, маңдай терімен абырой тапқан Құлпыбаев Самұрат Кеңесұлының ғұмыры — бүгінгі жастарға үлгі.
Қоғамның тірегі де, қозғаушы күші де өз ісіне адал, қарапайым еңбек адамдары. Жылдар жылжып, маңдай термен өткен ұзақ еңбек жолының жемісін көріп, Самұрат Кеңесұлы 2005 жылы ішкі істер қызметінен зейнеткерлікке шықты. Бірақ еңбекпен біте қайнасқан жан үшін демалыс деген тек тоқтау емес еді.
Тынымсыз тіршілік пен қоғамға пайда келтіруді мақсат еткен ол 2010 жылы №263 орта мектепке күзетші болып орналасты. Бұл жолы ол жас ұрпақтың, болашақ ел тірегі болатын балалардың қауіпсіздігін қорғауды өз міндетіне алды. Қай жерде, қандай қызметте жүрсе де өз ісіне деген жоғары жауапкершілігінен еш айныған жоқ.
Самұрат ағаның әрбір өмір кезеңі — табандылықтың, төзім мен адалдықтың айқын көрінісі. Ол ешқашан жеңіл жол іздеген жоқ, өз міндетіне әрдайым тиянақты қарап, отбасының тірегі, қоғамның сыйлы азаматы бола білді.
Еңбекпен өрілген өмір — ең қымбат өмір. Самұрат Кеңесұлының ғұмыры бізге бір ақиқатты ұғындырады: адамды биікке көтеретін атақ-даңқ емес адал еңбек пен адамгершілік қасиет. Бүгінде артында өнегелі із қалдырған Самұрат ағамызды туған-туысы, әріптестері мен ауылдастары ерекше құрметтейді. Өйткені ол «Еңбек Адамы» деген биік атқа әбден лайықты тұлға!
Қызылорда облыстық ұйымы