АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ МҰҒАЛІМДЕРІ МЕМЛЕКЕТТІК НАГРАДАЛАРҒА ИЕ БОЛДЫ
🇰🇿 Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен еліміздің білім беру саласын дамытуға қосқан үлесі, көп жылғы адал еңбегі мен кәсіби жетістіктері үшін өңірдің төрт педагогі орден-медальдармен марапатталды. Жоғары мемлекеттік наградаларды ұстаздарға Президенттің атынан облыс әкімі Асхат Шахаров табыстады.
🎖️ Салтанатты марапаттау рәсімі облыс әкімдігінде өтті.
⚜️ Асхат Шахаров педагогтерді жоғары мемлекеттік марапаттарымен құттықтап, білім беру жүйесін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.
🥇 «Ерен еңбегі үшін» медалі Ойыл ауданының Көсембай негізгі мектебінің мұғалімі Ерсайын Аққошқаров және дарынды ұлдарға арналған облыстық мамандандырылған «Білім-инновация» лицей-интернатының педагогі Айгүлім Батырғалиеваға табысталды.
📌 Ойыл ауданы Көсембай негізгі мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Ерсайын Аққошқаровтың білім беру жүйесінде еңбек етіп келе жатқанына - 42 жыл. Оның айтуынша, бүгінде мемлекеттік қолдаудың арқасында ауыл мектептеріндегі білім беру жағдайы едәуір жақсарған.
🏫 «Қазір ауыл және қала мектептерінің материалдық-техникалық базасы іс жүзінде теңесті. Ойыл ауданында жаңа мектептер салынып жатыр, білім беру ұйымдары заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілуде. Мұның нәтижесінде оқушылардың білім сапасы артып, педагогтердің кәсіби шеберлігі өсуде. Біздің ұстаздарымыздың арасында педагог-шеберлер, зерттеушілер мен модераторлар бар. Олардың тәжірибесі мен кәсібилігі оқыту сапасын арттыруға, заманауи әдістемелерді енгізуге және оқушылардың түрлі байқаулар мен олимпиадаларда жоғары нәтижелер көрсетуіне мүмкіндік береді», – деді Ерсайын Аққошқаров.
📎1997 жылы салынған Көсембай негізгі мектебінде бүгінде 60 оқушы білім алады. Білім ордасында 20 педагог қызмет етеді.
🌟 Марапаттау рәсімі күн сайынғы адал еңбегі арқылы білім беру ісінің дамуына және жас ұрпақты тәрбиелеуге үлес қосып жүрген ұстаздардың еңбегіне көрсетілген құрмет пен жоғары бағалаудың айқын көрінісі болды.
--
Ақтөбе облыстық кәсіподағы
-
Фото
-