ІЗДЕНІСІМЕН ТАНЫЛҒАН ӘДІСКЕР
Бала тәрбиесі үлкен жауапкершілік пен үздіксіз ізденісті талап ететін сала. Ал сол жауапты істің сапалы жүзеге асуына үлес қосып жүрген мамандардың еңбегі әрдайым құрметке лайық. Осындай өз ісіне адал, тәжірибесі мол мамандардың бірі Жамбыл облысы Жамбыл ауданы білім бөлімінің «Жәнібек» бөбекжай-бақшасы» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының әдіскері Айнұр Нұрғалиқызы Аманова.
Айнұр Нұрғалиқызы мектепке дейінгі білім беру саласында жиырма жылдан астам уақыттан бері еңбек етіп келеді. Осы жылдар ішінде ол өзін кәсіби шеберлігі жоғары, жаңашылдыққа бейім, шығармашыл маман ретінде таныта білді. Өз қызметінде тәрбиешілерге бағыт-бағдар беріп, оқу-тәрбие жұмысының жүйелі ұйымдастырылуына ерекше көңіл бөліп келеді.
Әдіскердің басты міндеті педагогтердің кәсіби дамуына қолдау көрсету болса, бұл бағытта Айнұр Нұрғалиқызы жас мамандарға тәлімгер болып, олардың тәжірибе жинақтауына, жаңа әдіс-тәсілдерді меңгеруіне және кәсіби тұрғыдан өсуіне үнемі көмектесіп келеді. Әріптестері оның біліктілігін ғана емес, адамгершілік қасиеттерін де жоғары бағалайды. Көпжылдық еңбектің нәтижесінде балабақшадағы білім беру мен тәрбие беру үдерісінің сапасын арттыруға елеулі үлес қосты. Балалардың жан-жақты дамуына бағытталған жаңа технологиялар мен заманауи әдістерді енгізу арқылы педагогтердің жұмысын жетілдіруге ықпал етіп келеді. Оның бастамасымен жүзеге асқан көптеген игі істер ұжымның кәсіби белсенділігін арттырып, тәжірибе алмасу мәдениетінің қалыптасуына негіз болды.
Еңбек еткен жанның жетістігі де елеусіз қалмайды. Айнұр Нұрғалиқызы түрлі деңгейдегі байқаулар мен семинарларға қатысып, кәсіби біліктілігін дәлелдеп келеді. 2024 жылы «Өнеріміз саған – Қазақстан» аудандық фестивалінің мәнерлеп оқу бағыты бойынша ІІІ дәрежелі дипломға ие болды. 2025 жылы «Ұлттық құндылықтар – басты байлығымыз!» атты аудандық семинарда өз іс-тәжірибесімен бөлісіп, Алғыс хатпен марапатталды. Ал 2026 жылы «Мектепке дейінгі ұйымның жыл әдіскері» аудандық байқауында ІІ дәрежелі дипломды жеңіп алып, кәсіби шеберлігін тағы бір мәрте көрсетті.
Ұжым арасында сыйлы, өз ісіне жауапты маман ретінде танылған Айнұр Нұрғалиқызының еңбек жолы табандылық пен ізденістің, кәсібіне деген сүйіспеншіліктің жарқын үлгісі. Оның білім мен тәрбие сапасын арттыру жолындағы еңбегі кейінгі буын мамандарына өнеге болып, мектепке дейінгі білім беру саласының дамуына өз үлесін қосып келеді.
Жамбыл облыстық ұйымы