КӘСІПОДАҚ КӨШБАСШЫЛАРЫ ЕҢБЕК ДАУЛАРЫН ШЕШУ ТЕТІКТЕРІН МЕҢГЕРДІ
Маңғыстау ауданы кәсіподақ ұйымының төрағасы А.Шугурованың қатысуымен білім беру ұйымдарының кәсіподақ төрағаларына арналған семинар өтті. Семинар-кеңесте еңбек дауларының туындау себептері, олардың алдын алу жолдары және еңбек қатынастары саласындағы өзекті мәселелер кеңінен түсіндірілді.
Семинар барысында қатысушыларға еңбек заңнамасының негізгі талаптары, қызметкерлердің құқықтары мен міндеттері, жұмыс беруші мен жұмыскер арасындағы туындауы мүмкін дауларды шешудің тиімді тетіктері туралы жан-жақты ақпарат берілді.
Семинардың негізгі бағыты келісу комиссияларының қызметін жетілдіруге арналды. Қатысушыларға келісу комиссиясының мақсаты-еңбек дауларын сотқа дейінгі тәртіппен әділ, жедел және тиімді шешу екендігі түсіндірілді. Сонымен қатар, комиссияның міндеттеріне тоқталып, еңбек қатынастары тараптарының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, еңбек заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету, әлеуметтік әріптестікті нығайту және еңбек ұжымдарында тұрақты әрі қолайлы ахуал қалыптастыру сияқты бірқатар мәселелер қамтылды.
Семинар барысында кәсіподақ төрағалары еңбек дауларын қарау тәртібі, өтініштерді қабылдау мен тіркеу рәсімдері, шешім қабылдау ерекшеліктері жөнінде ақпараттар алды. Мамандар қатысушылардың сұрақтарына жауап беріп, нақты мысалдар арқылы түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Келісу комиссиясының жұмысына қатысты оқыту курсынан өткен білім беру ұйымдарының кәсіподақ төрағаларына арнайы сертификаттар табысталды.
Бұл сертификаттар олардың еңбек дауларын реттеу және келісу комиссияларының қызметін ұйымдастыру бағытындағы біліктілігін арттырғанын растайды.
Қатысушылар мұндай оқыту шаралары еңбек қатынастары мәдениетін қалыптастыруға, жұмысшылардың құқықтарын қорғауға және еңбек ұжымдарындағы тұрақтылықты сақтауға зор үлес қосатынын атап өтті.
Маңғыстау облысы, Маңғыстау аудандық филиалы
-
Фото
-