ЕҢБЕК АДАМЫ – ЕЛ ТІРЕГІ
Еңбек – адамды биікке жетелейтін, қоғамды алға бастайтын ұлы құндылық. Ал өз өмірін ұрпақ тәрбиесіне арнап, білім мен руханияттың шамшырағына айналған ұстаздардың еңбегі қашанда құрметке лайық. Осындай абыройлы қызметті адал атқарып жүрген, ұлттық құндылықтарды дәріптеп, шәкірттерінің жүрегіне білім мен тәрбиенің дәнін сеуіп келе жатқан жанның бірі – Қызылорда облысы, Арал ауданы, Сапақ елді мекеніндегі №69 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Сәрсембаева Гүлсара Қахарманқызы.
Тәжірибелі ұстаздың білім мен тәрбие беру бағытындағы еңбегі шәкірттерінің жетістіктерінен анық көрінеді. Оның жетекшілігімен білім алған оқушылар республикалық, облыстық және аудандық деңгейдегі байқаулар мен олимпиадаларда жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Атап айтқанда, республикалық «Махамбет оқуларында» шәкірті Гүлжан Әбдіхалықова ІІ орынға ие болса, республикалық «Мағжан оқуларында» Біржан Бахитжанов арнайы Құрмет грамотасымен марапатталды.
Сонымен қатар шәкірттері «Жарқын болашақ» олимпиадасы, «Әбіш оқулары», «Мұқағали оқулары», «Ілияс Жансүгіров оқулары», «Абай оқулары», республикалық пәндік олимпиадалар, «Ақберен» өнер байқауы және ғылыми жобалар сайыстарының аудандық және облыстық кезеңдерінде жүлделі орындарды иеленіп келеді.
Гүлсара Қахарманқызының ұстаздық қызметіндегі тағы бір маңызды қыры – тәлімгерлік жұмысы. Ол жетекшілік еткен сынып түлектерінің толық құрамының мемлекеттік білім гранттарын жеңіп алуы – ұстаз еңбегінің жемісі. Сондай-ақ мектеп тарихында ерекше жетістікке қол жеткізген шәкірті Бекарыс Жаңабаевтың Ұлттық бірыңғай тестілеуден 120 балл жинауы да ұстаз бен шәкірт еңбегінің нәтижесі болды.
Өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын педагог кәсіби шеберлігін үнемі жетілдіріп отырады. Ол «Педагогикалық идеялар фестивалі – 2025» аудандық байқауында жүлделі ІІ орын иеленіп, шығармашыл ұстаз ретінде танылды. Сонымен қатар әдебиет пен сөз өнеріне жақын жан ретінде түрлі ақындар мүшәйраларына қатысып, арнайы алғыс хаттармен марапатталған.
Сарсембаева Гүлсара Қахарманқызы – білім мен өнерді, тәжірибе мен ізденісті, ұлттық рух пен заманауи көзқарасты үйлестіре білген білікті педагог. Оның ұстаздық жолдағы басты мақсаты – ана тілін ардақтайтын, әдебиетті сүйетін, ұлттық құндылықтарды қастерлейтін, ел болашағына қызмет ететін саналы ұрпақ тәрбиелеу.
Халқымыз «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дейді. Осы даналық сөздің мәнін өз еңбегімен дәлелдеп жүрген Гүлсара Қахарманқызы – қоғамның дамуына үлес қосып жүрген нағыз еңбек адамы. Оның қажырлы еңбегі мен шәкірт тәрбиесіндегі табыстары кейінгі жас мамандарға өнеге болып қала бермек.
Қызылорда облыстық ұйымы