БІЛІКТІ ДЕФЕКТОЛОГ, ТӘЖІРИБЕЛІ ҰСТАЗ
Бүркітбай Ақмаржан Төлегенқызы 2019 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетін «Дефектология» мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2020 жылдың ақпан айында бастап, қазіргі таңда №31 мектеп-гимназиясында дефектолог-мұғалім қызметін абыроймен атқарып келеді.
Ерекше білім беру қажеттілігі бар балалармен жұмыс – бүгінгі қоғамдағы аса маңызды әрі өзекті бағыттардың бірі. Балаларға сапалы білім мен түзете-дамыту көмегін көрсету олардың әлеуметтенуіне, өз қабілеттерін ашуына және қоғам өміріне белсенді араласуына мүмкіндік береді. Осы жауапты міндетті жүзеге асыруда Ақмаржан Төлегенқызы кәсіби шеберлігімен, жаңашылдығымен және балаларға деген ерекше жанашырлығымен ерекшеленеді.
Үздіксіз ізденіс пен тұрақты өзін-өзі дамыту нәтижесінде ол қысқа уақыт ішінде облыстық және республикалық деңгейдегі көптеген кәсіби байқауларда жоғары нәтижелерге қол жеткізді:
«Үздік дефектолог мұғалімі – 2023» облыстық байқауы – І орын
«Үздік авторлық бағдарлама – 2024» аудандық байқауы – І орын
«Педагогикалық идеялар фестивалі – 2024» республикалық байқауы – ІІ орын
Ақмаржан Төлегенқызының шәкірттері де облыстық және республикалық деңгейдегі байқауларда жоғары нәтижелер көрсетіп келеді:
«Жұлдызай» облыстық шығармашылық фестивалі – би номинациясы бойынша - ІІ орын
«Менің қолымнан бәрі де келеді – 2025» республикалық байқауы – ІІ орын
Әртүрлі республикалық және облыстық шығармашылық, өнер, спорт және инклюзивті бағыттағы байқауларда жүлделі орындар мен Алғыс хаттарға ие болды.
Сонымен қатар, ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған «Жұлдызай», «Менің қолымнан бәрі де келеді», «Шексіз талант», «Біз біргеміз», «Бала жүрегі» секілді республикалық байқаулар мен фестивальдерге қатысып, оқушыларының шығармашылық қабілеттерін дамытуға зор үлес қосып келеді.
Қазіргі таңда Ақмаржан Төлегенқызы Жалағаш аудандық дефектологтар қауымдастығының жетекшісі. Сонымен қатар облыстық деңгейдегі түрлі жобалардың спикері ретінде тәжірибесімен бөлісіп, жас мамандардың кәсіби дамуына қолдау көрсетуде.
Ақмаржан Төлегенқызы кәсіби тәжірибесін жетілдірумен қатар, жас мамандарды қолдау бағытында да белсенді жұмыс атқарады. Ол жыл сайын Қызылорда облыстық оқу орталығының «Арнайы және инклюзивті білім беру» бөлімі ұйымдастыратын «Жас дефектолог мектебі» жобасының белсенді қатысушысы әрі спикері ретінде тәжірибесімен бөлісіп келеді. Аталған жоба жас мамандардың кәсіби құзыреттілігін арттыруға, әдістемелік қолдау көрсетуге және дефектология саласындағы озық тәжірибелерді таратуға бағытталған. Ақмаржан Төлегенқызы өз тәжірибесімен бөлісу арқылы жас дефектологтардың кәсіби қалыптасуына елеулі үлес қосып келеді.
Бүркітбай Ақмаржан Төлегенқызы – үздіксіз ізденіс пен өзін-өзі дамыту арқылы кәсіби биіктерді бағындырған, ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың сапалы білім алуына және қоғамға бейімделуіне өлшеусіз үлес қосып жүрген білікті дефектолог, тәжірибелі ұстаз. Оның жетістіктері мен еңбегі жас мамандарға үлгі болып, білім саласының дамуына өз үлесін қоса бермек.
Қызылорда облыстық ұйымы