ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ
Бүгін Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының Атқару комитетінің кеңейтілген кезекті отырысы өтті. Жиынға кәсіподақ төрағасы Раушан Серікова, аппарат мүшелері, кәсіподақ көшбасшылары мен Атқару комитетінің мүшелері қатысты.
Отырыс барысында білім саласы қызметкерлерінің әлеуметтік-еңбек құқықтарын қорғау, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ақпараттық жұмыстарды жетілдіру және кәсіподақ қызметінің тиімділігін арттыруға бағытталған бірқатар маңызды мәселелер қаралды.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе ретінде Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының 2025 жылғы ұжымдық-шарттық жұмысының қорытындылары талқыланды. Бұл бағыттағы атқарылған жұмыстар жөнінде облыстық кәсіподақ ұйымының құқықтық қызмет басшысы Александр Алимпиев баяндады.
Одан кейін Қобда және Ойыл аудандық кәсіподақ ұйымдарының еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау саласындағы қызметі қарастырылды. Аудандық ұйым төрағалары Қуанышкерей Ибраев пен Гүлмира Ізбағамбетова өз өңірлерінде еңбек заңнамасының сақталуын қоғамдық бақылау, білім беру ұйымдарында қауіпсіз әрі қолайлы еңбек жағдайларын қалыптастыру бағытында атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Сонымен қатар, бұл мәселе бойынша қосымша ақпараттар мен ұсыныстарды кәсіподақ заңгері Нұрлан Жетпісбай ұсынды.
Отырыста Қарғалы және Ырғыз аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымдарының ақпараттық жұмыстары да назардан тыс қалмады. Өз кезегінде Ырғыз аудандық ұйымының төрағасы Қасымхан Әбенов кәсіподақ қызметін бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде насихаттау, қоғаммен байланыс орнату бағытындағы атқарылған жұмыстардың нәтижелерін баяндады. Мәселе аясында облыстық ұйымның бас маманы Сандуғаш Дүйсенбаева Қарғалы және Ырғыз аудандық кәсіподақ ұйымдарында ақпараттық жұмысты ұйымдастыру деңгейі жөнінде қосымша ақпарат жеткізді.
Күн тәртібіндегі төртінші мәселе Темір аудандық кәсіподақ ұйымының кәсіподақтық оқыту саласындағы тәжірибесіне арналды. Ұйым төрағасы Назгүл Сабенова кәсіподақ мүшелерінің құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған жұмыстарды таныстырып, оқыту жүйесін ұйымдастырудағы тиімді тәжірибелерімен бөлісті. Қосымша ақпаратты облыстық ұйымның бас маманы Айжарық Серімбетов ұсынды.
Отырыс қорытындысында күн тәртібіне енгізілген барлық мәселелер жан-жақты талқыланып, тиісті қаулылар қабылданды. Алдағы кезеңге арналған нақты міндеттер айқындалып, кәсіподақ ұйымдарының қызметін одан әрі жетілдірудің негізгі бағыттары белгіленді.
Қабылданған шешімдер кәсіподақ ұйымдарының жұмысын жүйелеуге, олардың тиімділігін арттыруға, сондай-ақ білім және ғылым саласы қызметкерлерінің заңды құқықтары мен әлеуметтік-экономикалық мүдделерін қорғауды одан әрі күшейтуге бағытталды.
Жиын соңында Байғанин аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының есепшісі Жұмагүл Обаева ұзақ жылдар бойғы жемісті еңбегі мен кәсіподақ қозғалысының дамуына қосқан үлесі үшін әріптестерінің құрметіне бөленді.
Зейнеткерлік демалысқа шығуына орай оған ізгі тілектер айтылып, кәсіподақ ұйымы атынан алғыс білдірілді. Облыстық ұйымның төрағасы Раушан Серікова жылы лебізін жеткізіп, денсаулық пен отбасылық амандық тілеп, шипажайға жолдама табыстады.
-
Фото
-