ЖАС КЕЛСЕ - ІСКЕ
Жас маманның кәсіби шеберлігі оның жетістіктерімен ғана емес, тәрбиелеген шәкірттерінің табысымен де өлшенеді. Өз ісіне адалдықты серік етіп, білім мен тәрбиені қатар ұштастырып жүрген жас ұстаздардың бірі, Хромтау аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымының Жастар кеңесінің төрағасы – Әлім Айсана Дауырбекқызы.
Әлім Айсана Дауырбекқызы 1998 жылғы 30 қазанда Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданының Жұрын ауылында дүниеге келген. Мектеп қабырғасында үздік білім алып, білімге деген құштарлығының арқасында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің «Математика» мамандығын тәмамдады. Бала күнгі арманына айналған ұстаздық жолды таңдап, бүгінгі күні шәкірт тәрбиелеу ісінде жемісті еңбек етіп келеді.
Еңбек жолын білім беру саласында бастаған жас маман қазіргі таңда Хромтау қаласындағы №7 мектеп-гимназиясында математика пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарады. Алты жылдық еңбек тәжірибесінде ол өзін жауапкершілігі жоғары, жаңашыл көзқарастағы, шығармашыл педагог ретінде таныта білді.
Ұстаздық қызметпен қатар қоғамдық жұмыстарға да белсенді араласатын Айсана Әлім 2024 жылдан бастап мектеп-гимназияның бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы және аудандық Жастар кеңесінің төрағасы қызметтерін атқаруда. Бұл міндеттерді абыроймен атқарып, әріптестері мен жастардың арасында сый-құрметке ие болып келеді.
Сонымен қатар ол мектеп-гимназия жанындағы пікірсайыс клубының жетекшісі ретінде оқушылардың шешендік өнерін, сыни ойлау қабілетін және көшбасшылық қасиеттерін дамытуға ерекше көңіл бөлуде. Оның жетекшілігімен дебат клубының мүшелері аудандық дебат лигаларында жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, чемпион атанды.
Айсана Дауырбекқызының еңбегі түрлі деңгейдегі жетістіктермен бағалануда. Ол «Дарынды оқушыға – талантты ұстаз» республикалық педагогикалық байқауының аудандық кезеңінде ІІІ орын иеленді. Сонымен қатар аудандық спартакиадада волейболдан І орын және тоғызқұмалақтан І орын алып, жан-жақты дамыған тұлға екенін дәлелдеді.
Мұғалім еңбегінің нәтижесі – шәкірт жетістігі. Оның оқушылары аудандық, облыстық және республикалық деңгейдегі пәндік олимпиадаларда тұрақты түрде жоғары нәтижелер көрсетіп келеді.
Әлім Айсана Дауырбекқызы – кәсіби біліктілігі жоғары, қоғамдық белсенділігімен ерекшеленетін, шәкірттерінің жарқын жетістіктері арқылы танылған жас ұстаз. Оның табанды еңбегі мен үздіксіз ізденісі білім саласының дамуына үлес қосып қана қоймай, дарынды жастардың қанаттануына жол ашып келеді. Осындай жас мамандардың қажырлы еңбегі мен өнегелі жолы кейінгі буынға үлгі болып, ел болашағының жарқын болуына қызмет ететіні сөзсіз…