ЖАС КЕЛСЕ – ІСКЕ
Ұстаздық – білім мен тәрбиені қатар өріп, жас ұрпақтың болашағын қалыптастыратын қасиетті де жауапты мамандық. Осы жолда аянбай еңбек етіп, шәкірттерінің сапалы білім алуына өз үлесін қосып жүрген жас педагогтердің бірі – Қазбекова Құралай Алпысбайқызы.
Құралай Алпысбайқызы 1992 жылдың 21 мамырында Қызылорда облысы, Жалағаш ауданында дүниеге келген. Ол ауданымыздағы №123 дарынды балаларға арналған мектеп-лицейінде білім алып, оқу озаты ретінде танылды. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ математика пәнінен республикалық олимпиаданың жүлдегері атанып, білімге деген құштарлығын дәлелдеді. Жетістіктерінің нәтижесінде Румынияның Бухарест қаласындағы «Пояна Пинулуй» халықаралық демалыс лагеріне жолдама алып, шетелдік тәжірибе мен мәдени ортадан тағылым жинады.
2009 жылы Астана қаласындағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне оқуға түсіп, «Математика пәні мұғалімі» мамандығы бойынша жоғары білім алды. Еңбек жолын 2013 жылы Далдабай ауылындағы №115 мектепте бастаған жас маман бүгінде Ақсу ауылындағы №116 орта мектепте математика пәнінің мұғалімі қызметін абыроймен атқарып келеді. Педагогикалық еңбек өтілі 13 жылды құрайды. Қазіргі таңда педагог-сарапшы санатындағы білікті ұстаз ретінде білім беру саласында жемісті еңбек етуде.
Ұстаздың басты мақсаты – оқушыларға сапалы білім беру, олардың логикалық ойлау қабілетін дамыту және математика пәніне деген қызығушылығын арттыру. Оның шәкірттері аудандық, облыстық олимпиадалар мен ғылыми жоба байқауларында жүлделі орындарға ие болып, ұстаз сенімін ақтап келеді.
Құралай Алпысбайқызының оқушылары ұлттық бірыңғай тестілеуде жоғары нәтижелер көрсетіп, мемлекеттік білім гранттарының иегері атануда. Бұл – ұстаздың кәсіби шеберлігі мен тынымсыз еңбегінің жемісі. Сонымен қатар, өзі де аудандық және облыстық деңгейдегі педагогикалық байқауларда үздік нәтиже көрсетіп, әріптестері арасында беделге ие болды.
Өз ісіне адалдықты, жауапкершілік пен үздіксіз ізденісті өмірлік ұстанымына айналдырған Құралай Алпысбайқызы – бүгінгі білім саласындағы жарқын тұлғалардың бірі. Оның еңбегі шәкірт жүрегінде сақталып, талай жасқа бағыт-бағдар берері сөзсіз.
Қызылорда облыстық ұйымы