ЕҢБЕК АДАМЫ – ЕЛ МАҚТАНЫШЫ
Ұстаз – ұлт болашағын тәрбиелейтін, білім мен тәрбиені ұштастырып, қоғамның дамуына үлес қосатын ерекше мамандық иесі. Саналы ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнап, білім саласында қажырлы еңбек етіп келе жатқан ұстаздардың бірі – Арал қаласындағы №14 мектеп-лицейінің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жанна Құспанғалиқызы Құнарова.
Жанна Құспанғалиқызы – педагог-шебер, педагогикалық еңбек өтілі 34 жылды құрайтын тәжірибелі ұстаз. Ол 1992 жылдан бері Арал қалалық №14 мектеп-лицейінде табысты еңбек етіп келеді. Ұстаздық қызметімен қатар мектеп директорының оқу ісі, тәрбие ісі және бастауыш сыныптар жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарып, білім ордасының дамуына зор үлес қосты. Бүгінде аудандық орыс тілі мен әдебиеті пәні бірлестігінің жетекшісі ретінде әріптестеріне әдістемелік қолдау көрсетіп келеді.
Шығармашылық ізденісі мен кәсіби шеберлігі жоғары ұстаздың еңбегі республикалық және халықаралық деңгейде кеңінен танылған. Соңғы жылдары республикалық «Үздік авторлық бағдарлама», «Педагогикалық идеялар фестивалі», «Білім алушылардың оқу дағдыларын дамытудың заманауи цифрлық ресурстары» байқауларының жүлдегері атанып, Bilimland платформасы ұйымдастырған «Үздік педагог-новатор» республикалық сайысында бас жүлдені жеңіп алды. Сондай-ақ алғаш рет табысталған «Қызылорда облысының білім беру саласын дамытудағы еңбегі үшін» жергілікті ерекшелік белгісінің иегері болды.
Білікті ұстаздың жетекшілігімен №14 мектеп-лицейі аймақтық «Үздік жетекші мектеп – 2020» атағына ие болды. Ал өзі «Қазақстан мұғалімі – 2020» ұлттық сыйлығының үздік 50 мұғалімі қатарына еніп, кәсіби біліктілігін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Жанна Құспанғалиқызының авторлық бағдарламалары мен әдістемелік еңбектері республика мұғалімдері арасында кеңінен қолданылып келеді. Оның 7-сыныпқа арналған «Русский язык» дидактикалық материалы, «Работа с текстом как средство развития функциональной грамотности учащихся», «Учимся читать и понимать текст» атты бағдарламалары ұстаздар қауымының жоғары бағасына ие болды.
Ұстаз еңбегінің нәтижесі шәкірт жетістіктерінен айқын көрінеді. Оның оқушылары халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобаларда жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. 2022–2023 оқу жылында шәкірті Еңсепбайқызы Назерке халықаралық «Әл-Фараби – 2023» байқауының жеңімпазы атанса, республикалық пәндік олимпиадаға бірден екі оқушысы қатысып, білім деңгейлерін дәлелдеді. Сонымен қатар 5-сынып оқушысы Маратқызы Інжу республикалық пәндік олимпиаданың жүлдегері атанды.
Жанна Құспанғалиқызы өзінің кәсіби дамуын да үздіксіз жетілдіріп келеді. Ол республикалық «Педагогикалық идеялар панорамасы – 2022» байқауының жүлдегері, ал 2023 жылы еліміздегі ең беделді кәсіби байқаулардың бірі – «Үздік педагог – 2023» атағының иегері атанды.
2025 жылы оның «Работа с текстом как средство развития функциональной грамотности учащихся» атты авторлық бағдарламасы Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы жанындағы сараптамалық кеңесте мақұлданып, республика көлемінде таратуға ұсынылды. Сол жылы Мәскеу қаласында өткен халықаралық кәсіби шеберлік байқауында «Базовая организация государств-участников СНГ по преподаванию русского языка» арнайы номинациясының жеңімпазы атанды.
Көп жылғы жемісті еңбегі мемлекет тарапынан да жоғары бағаланды. Ол «Шапағат» медалінің, «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі», «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгілерінің иегері.
Жанна Құспанғалиқызы – кәсіби біліктілігімен қатар адамгершілік қасиетімен де ерекшеленетін жан. Үш баланың ардақты анасы, ұжымда сыйлы әріптес, жастарға үлгі болатын тәлімгер. Қай кезде де әріптестеріне қолдау көрсетіп, білім саласының дамуына өзіндік үлесін қосып келеді.
Еңбекпен келген абырой мен адал қызметтің үлгісін көрсетіп жүрген осындай ұстаздар – ел мақтанышы. Саналы ғұмырын білім мен тәрбиеге арнаған Жанна Құспанғалиқызы алдағы уақытта да жас ұрпаққа сапалы білім беріп, ұлттық құндылықтарды дәріптеу жолындағы игі еңбегін жалғастыра беретіні сөзсіз.
Қызылорда облыстық ұйымы