ЖАС КЕЛСЕ – ІСКЕ
Ел болашағы білімді ұрпақтың қолында болса, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздардың еңбегі қашанда құрметке лайық. Бүгінгі таңда білім саласында өз ісіне адал, жаңашыл көзқарасымен ерекшеленіп жүрген жас мамандардың бірі – Рсалиев Ақтан Молдашұлы.
2018 жылы Ыбырай Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтына оқуға түсіп, 2022 жылы «Математика және физика пәндерінің мұғалімі» мамандығы бойынша жоғары білім алып шықты. Жас маман еңбек жолын Қостанай облысы, Қарасу ауданындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мемлекеттік тілде оқытатын жалпы білім беретін мектепте математика пәнінің мұғалімі болып бастады.
Жас ұстаздың кәсіби біліктілігі мен жауапкершілігі аз уақыттың ішінде әріптестері мен шәкірттерінің құрметіне бөленді. 2024 жылғы 24 қаңтарда конкурс нәтижесімен туған жеріндегі Мардан Байділдаев атындағы №232 орта мектепке қызметке ауысып келіп, бүгінде осы білім ордасында математика пәнінен шәкірт тәрбиелеп келеді.
Ақтан Молдашұлының оқушылары түрлі пәндік олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүр. Бұл – ұстаздың сапалы білім беруге деген талпынысы мен тынымсыз еңбегінің жемісі.
Жас маман тек ұстаздық қызметімен ғана емес, азаматтық ұстанымымен де көпшілікке үлгі. Ол төтенше жағдай кезінде батылдық танытып, өрт кезінде үлкен ерлік көрсетті. Осы қайсарлығы мен қоғам алдындағы жауапкершілігі үшін Еңбек ауылдық округі әкімінің Алғыс хатымен, Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың Алғыс хатымен және аудандық білім бөлімінің басшысының Алғыс хатымен марапатталды.
«Жас келсе – іске» деген нақыл осындай білімді, еңбекқор әрі елжанды жастарға қарата айтылғандай. Ақтан Молдашұлы – жас болса да, кәсіби шеберлігі мен азаматтық келбеті арқылы кейінгі буынға үлгі болып жүрген ұстаз. Оның алдағы уақытта да шәкірт тәрбиелеу жолында толағай табыстарға жетіп, білім саласының дамуына өзіндік үлес қоса беретініне сенім мол.
Қызылорда облыстық ұйымы