ЖАЗҒЫ ДЕМАЛЫСТЫҢ ЖАРҚЫН БЕЛЕСІ
Жазғы демалыс оқушылар үшін жаңа достар тауып, қызықты сәттерге толы уақыт өткізетін ерекше кезең. Осы ретте, Қызылорда облысы, Сырдария ауданындағы «Жалын» тынығу-сауықтыру лагері балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастырып, олардың бос уақытын мазмұнды өткізуге мүмкіндік жасап келеді. Жақында лагерьдің бірінші маусымы өз мәресіне жетіп, осыған орай салтанатты жабылу рәсімі өткізілді.
Мерекелік іс-шараға Сырдария аудандық білім бөлімінің басшысы Еркебұлан Жақып, білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрағасы Алмас Есназар және «Жалын» тынығу-сауықтыру лагерінің директоры Әділбек Бәйменов қатысты.
Салтанатты іс-шарада Сырдария аудандық білім бөлімінің басшысы Еркебұлан Жақып демалушылар мен лагерь ұжымын алғашқы маусымның сәтті аяқталуымен құттықтады.
Бірінші маусымда 110 бала демалып, өздерінің бос уақытын тиімді өткізді. Сырдария аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрағасы Алмас Есназар да лагерь жұмысына оң бағасын беріп, балалардың сапалы демалысын ұйымдастыруға үлес қосқан ұжымға ризашылығын білдірді.
Лагерьдегі әрбір тәрбиеші мен тәлімгер баланың қауіпсіздігі мен сапалы демалысын қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыстар атқарды. Нәтижесінде лагерьде өткізілген әр күн балалар үшін есте қаларлық жарқын сәттерге толы болды. Кеш барысында әр топ өз өнерлерін ортаға салып, концерттік бағдарлама ұсынды. Балалардың орындауындағы ән мен би, сахналық қойылымдар мен шығармашылық нөмірлер көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Тәрбиешілер дайындаған мазмұнды бағдарлама кештің сәнін келтіріп, лагерьдің алғашқы маусымында орын алған жарқын естеліктерді қайта жаңғыртты.
Кеш соңында лагерьдің қоғамдық өміріне белсенді қатысқан балалар марапатталып, Сырдария аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ комитеті тарапынан арнайы сыйлықтар табысталды. Бұл балалардың қуанышына қуаныш қосып, мерекелік көңіл-күйді еселей түсті.
Айта кету керек, лагерьдің бірінші ауысымында аудан педагогтарының балалары демалып, жазғы тынығуларын тиімді өткізді. Олар түрлі мәдени-көпшілік, спорттық және танымдық іс-шараларға қатысып, жаңа достар тауып, ұмытылмас әсерге бөленді.
Қызылорда облыстық ұйымы