ЖАС КЕЛСЕ - ІСКЕ
Қай кезеңде де ел дамуының қозғаушы күші – білімді, білікті және бастамашыл жастар. Бүгінде білім беру саласында өз еңбегімен танылып, кәсіби шеберлігі мен ұйымдастырушылық қабілетін ұштастыра білген жас мамандардың бірі – Мәртөк аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымының Жастар кеңесінің төрағасы, аудандық білім бөлімінің әдіскері Айдарбек Абылайхан Тұрсынбайұлы.
Абылайхан Айдарбек 2001 жылдың 7 шілдесінде Қызылорда облысында дүниеге келген. Жастайынан білім мен ғылымға ерекше қызығушылық танытып, жоғары оқу орнында биология пәні мұғалімі мамандығын меңгерді. Кейін педагогика ғылымдарының магистрі дәрежесін алып, кәсіби білімін тереңдете түсті.
Еңбек жолын 2022 жылы биология пәнінің мұғалімі ретінде бастаған жас маман аз уақыт ішінде өзінің жауапкершілігімен, жаңашыл көзқарасымен және ұйымдастырушылық қабілетімен ерекшеленді. Осы қасиеттерінің арқасында 2023 жылы директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалып, білім мен тәрбие бағытындағы жұмыстарды жүйелі ұйымдастыруға атсалысты.
Қазіргі таңда Мәртөк аудандық білім бөлімінде әдіскер қызметін атқарып жүрген ол ауданның білім беру кеңістігін дамытуға бағытталған маңызды бастамалардың жүзеге асуына үлес қосуда. Педагогтардың кәсіби құзыреттілігін арттыру, заманауи білім беру технологияларын енгізу және инновациялық жобаларды қолдау бағытындағы жұмыстары әріптестері тарапынан жоғары бағалануда.
Қоғамдық өмірге де белсенді араласатын Абылайхан Айдарбек жастардың бастамаларын қолдап, кәсіподақ қызметі арқылы білім саласы қызметкерлерінің мүддесін қорғауға және олардың кәсіби дамуына жағдай жасауға күш салып келеді. Оның көшбасшылық қабілеті мен азаматтық ұстанымы жас буын арасында зор құрметке ие.
Еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ол Мәжіліс төрағасының Алғыс хатымен марапатталып, «Үздік ауыл жасы» және «Үздік студент» төсбелгілерінің иегері атанды. Сонымен қатар аудан әкімінің, облыстық аппарат басшылығының және жастар ресурстық орталығының алғыс хаттарына ие болып, қоғамдық және кәсіби қызметтегі жетістіктері үшін жоғары бағаланды.
Жаңашылдыққа ұмтылған жас маман үшін білім беру – тек мамандық қана емес, болашақ ұрпақтың тағдырын қалыптастыратын маңызды миссия. Оның басты мұраты – сапалы білім беру арқылы жас ұрпақтың жан-жақты дамуына мүмкіндік жасап, білім беру жүйесіне озық тәжірибелер мен цифрлық технологияларды кеңінен енгізу.
Бүгінгі таңда Айдарбек Абылайхан Тұрсынбайұлы – өз ісіне адалдық пен табандылықтың, білім мен ізденістің үлгісін көрсетіп жүрген жас буын өкілдерінің бірі. Жас болса да жауапты қызметте нәтижелі еңбек етіп жүрген Айдарбек Абылайхан Тұрсынбайұлы бүгінгі білім беру жүйесіндегі жаңару мен дамудың белсенді қатысушыларының бірі ретінде танылып келеді.