ЖАС КЕЛСЕ - ІСКЕ
Туған жердің өркендеуіне үлес қосуды мақсат еткен жас мамандардың қатары жыл сайын толығып келеді. Солардың бірі – Ырғыз аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымы Жастар кеңесінің төрағасы, аудандық білім бөлімінің әдіскері Шаризат Жұмамұратқызы.
Шаризат Жұмамұратқызы 2001 жылдың 24 қыркүйегінде Ақтөбе облысы Ырғыз ауданында дүниеге келген. Мектеп қабырғасында жүрген кезінен қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысып, білім мен өнерге құштарлығымен ерекшеленді. Әсіресе, қазақ тілі мен әдебиеті пәніне қызығушылық танытып, түрлі шаралардың бел ортасынан табылды.
Мектепті тәмамдаған соң білім жолын жалғастырып, М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының Ақтөбе колледжінде бастауыш білім беру мамандығы бойынша оқыды. Студенттік жылдары болашақ мамандығының қыр-сырын терең меңгеріп, теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруға ерекше мән берді.
Жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейін мемлекеттік қолдау аясындағы «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы арқылы туған өлкесінде еңбек жолын бастады.
Жас маман үшін білім беру саласы – тек қызмет емес, үлкен жауапкершілік. Ол кәсіби қызметінде педагогтардың әдістемелік әлеуетін арттыруға, сапалы білім беру үдерісін дамытуға және жас ұрпақтың жан-жақты қалыптасуына бағытталған бастамаларды қолдауға ерекше көңіл бөледі. Ізденіске құштарлығы мен жаңашылдыққа ұмтылысы әріптестері арасында оның беделін арттырып келеді.
Қоғамдық жұмыстарға белсенді араласуы да оның азаматтық ұстанымын айқындай түседі. Волонтерлік қозғалыстарға қатысып, жастар бастамаларын қолдау бағытындағы жұмыстарға үлес қосып жүрген Шаризат аудан жастары арасында да белсенділердің біріне айналды.
Жетістіктері де аз емес. 2024 жылы аудандық «Көктем аруы» байқауында жүлделі ІІІ орынды иеленіп, «Жыл волонтері» аталымының жеңімпазы атанды. Сонымен қатар аудандық «Жас QUIZ» интеллектуалдық сайысында белсенділігі үшін Алғыс хатпен марапатталды. Волонтерлік қызметтегі еңбегі облыстық деңгейде де жоғары бағаланып, Облыстық жастар ресурстық орталығының Алғыс хатына ие болды. Сол жылы республикалық «Жас ұстаз – табысқа апарар жол» форумына қатысып, кәсіби тәжірибесін жетілдіруге мүмкіндік алды. Ал, 2025 жылы Халықаралық жастар күніне орай аудандық білім бөлімі басшысының Алғыс хатымен марапатталды.
Бүгінде педагог-модератор санатындағы жас маман білім беру жүйесінде өз орнын қалыптастырып, кәсібилік пен қоғамдық белсенділікті қатар ұштастырып келеді. Оның еңбекқорлығы, ұйымдастырушылық қабілеті және туған жерінің дамуына қосып жүрген үлесі жас буынға үлгі боларлық. Ел ертеңіне қызмет етуді мақсат тұтқан осындай жастардың табанды қадамы қоғамның өркендеуіне жол ашып, білім саласының жаңа белестерге көтерілуіне ықпал етуде.