ЖАС КЕЛСЕ – ІСКЕ
Қазіргі қоғамның дамуы мен ел болашағының жарқын болуы білімді, білікті әрі жаңашыл жастардың қолында. Әсіресе, жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беруде жас мамандардың еңбегі ерекше. Өз ісіне адалдықпен қарап, кәсіби шеберлігін үздіксіз жетілдіріп жүрген сондай жас ұстаздардың бірі – Қалжан Альбина Қалмағамбетқызы.
Альбина Қалмағамбетқызы 2000 жылы Қызылорда облысы, Арал ауданына қарасты Аралқұм елді мекенінде дүниеге келген. 2006–2017 жылдар аралығында №61 орта мектепте білім алып, мектепті табысты аяқтады. Бала кезінен ұстаздық мамандыққа қызығушылық танытқан ол 2017 жылы Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетіне түсіп, «Дефектология» мамандығы бойынша жоғары білім алды. Университет қабырғасында теориялық біліммен қатар тәжірибелік дағдыларын жетілдіріп, 2021 жылы оқу орнын үздік дипломмен тәмамдады.
Еңбек жолын сол жылы Қызылорда облысы, Арал ауданы, Сексеуіл кентіндегі №177 орта мектептен бастады. Ерекше білім беруді қажет ететін балалармен жұмыс істеу барысында өз кәсібіне деген жауапкершілігін, білімділігі мен ізденімпаздығын көрсете білді. Жас маманның еңбекқорлығы мен кәсіби шеберлігі көп ұзамай нәтижесін берді.
2023 жылы педагогтердің біліктілік санаты бойынша аттестаттаудан сәтті өтіп, «Педагог-модератор» біліктілік санатын иеленді. Сол жылы аудандық «Үздік дефектолог – 2023» байқауында І орын алып, облыстық кезеңде жүлделі ІІІ орынға ие болды. Бұл – оның кәсіби шеберлігі мен шығармашылық әлеуетінің айқын көрінісі.
Жас ұстаз білім саласындағы жаңашыл тәжірибелерді меңгеруге және әріптестерімен бөлісуге әрдайым дайын. Облыстық семинарларда ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушылармен жұмыс жүргізудің тиімді әдістері жөнінде тәжірибесімен бөлісіп, түрлі курстар мен тәжірибелік сабақтарға белсенді қатысты. Осындай еңбектері үшін бірнеше сертификаттар мен алғыс хаттарға ие болды.
Ұстаз еңбегінің басты көрсеткіші – шәкірт жетістігі. Альбина Қалмағамбетқызы жетекшілік еткен оқушылар аудандық және облыстық деңгейдегі байқаулар мен олимпиадаларда жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар арасында өткен «Менің қолымнан бәрі келеді» олимпиадасында оның шәкірттері аудандық кезеңде І орын иеленіп, облыстық кезеңде де жүлделі орындар мен марапаттарға қол жеткізді.
2024 жылы «JULDYZAI» XIX республикалық балалар шығармашылығы фестивалінің республикалық кезеңіне шәкіртін дайындап қатыстырғаны үшін Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің Алғыс хатымен марапатталды. Бұл – жас маманның ерекше балалардың қабілетін дамытуға қосқан елеулі үлесінің дәлелі.
2025 жылдан бастап Альбина Қалмағамбетқызы еңбек жолын Сексеуіл кентіндегі жаңа №294 «Келешек» мектебінде жалғастырып келеді. Жаңа ортада да ол білім алушыларға сапалы білім мен түзете-дамыту қолдауын көрсетіп, кәсіби қызметін абыроймен атқаруда. Сол жылы аудандық «Педагогикалық идея» фестивалінде жүлделі ІІІ орын иеленіп, өзінің шығармашылық ізденісі мен кәсіби әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Қалжан Альбина Қалмағамбетқызы – бүгінгі білім саласындағы талапшыл, жаңашыл әрі білікті жас мамандардың жарқын өкілі. Оның басты мақсаты – ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың өмірге бейімделуіне көмектесу, олардың бойындағы қабілеттерін ашып, қоғамнан өз орнын табуына жол көрсету. Осындай еңбекқор, ізденімпаз жастар барда білім саласының болашағы жарқын болары сөзсіз.
Қызылорда облыстық ұйымы