ҰСТАЗ ЕҢБЕГІНІҢ ЖАРҚЫН ЖЕМІСІ
Ұлттың ертеңін тәрбиелейтін ұстаздың еңбегі қашанда өлшеусіз. Білім мен біліктің, табандылық пен төзімнің арқасында шәкіртін биік белестерге жетелейтін мұғалімнің қоғам алдындағы жауапкершілігі ерекше. Осындай білікті де ізденімпаз ұстаздардың бірі – математика пәнінің мұғалімі Ибраева Назыгүл Арғымбекқызы.
Жақында Алға ауданының мақтанышына айналған №4 Алға орта мектебінің түлегі Нұртілек Ақжігітов халықаралық деңгейдегі Energo University университетінің білім грантын жеңіп алып, үлкен жетістікке қол жеткізді. Бұл – шәкірттің ғана емес, оның білім жолындағы бағыт-бағдарын айқындап, ғылымға жетелеген ұстазының да маңдай терінің жемісі.
Назыгүл Ибраева 1990 жылдың 13 мамырында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Бала кезінен білімге құштар болып өскен ол мектеп қабырғасында үздік оқып қана қоймай, дзюдо мен еркін күрес спорт түрлерімен де белсенді айналысты. Табандылық пен еңбекқорлық қасиеттері оның болашақ өмір жолын айқындады.
2007 жылы Алға қазақ орта мектебін үздік аяқтаған жас талапкер Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің математика мамандығына оқуға түсіп, 2011 жылы аяқтады. Сол жылы «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында еңбек жолын Алға ауданының Тамды орта мектебінде математика пәнінің мұғалімі ретінде бастады.
Он бір жыл бойы аталған білім ордасында қазақ және орыс сыныптарына сапалы білім беріп, шәкірттерінің ғылымға қызығушылығын арттыруға күш салды. Ал, 2022 жылдан бастап Алға қаласындағы №4 Алға орта мектебінде қызмет етіп келеді. Бүгінде 15 жылдық педагогикалық тәжірибесі бар ұстаз өз ісінің шебері ретінде танылып отыр.
Назыгүл Ибраеваның басты ұстанымы – әр баланың бойындағы қабілетті дер кезінде байқап, оны дамыту. Ол оқушыларын пәндік олимпиадаларға, ғылыми жобалар байқауларына және түрлі зияткерлік жарыстарға жүйелі түрде дайындап келеді. Соның нәтижесінде шәкірттері аудандық, облыстық, республикалық деңгейлерде жүлделі орындарға ие болып, мектеп мерейін асыруда.
Сол шәкірттердің бірі – Нұртілек Ақжігітов. Оның «Алтын белгі» иегері атануы, «Алтын түлек – 2026» республикалық олимпиадасының абсолютті жеңімпазы болуы, халықаралық білім грантын жеңіп алуы мен түрлі ғылыми және пәндік байқаулардағы жетістіктері ұстаз бен шәкірт арасындағы тынымсыз еңбектің нәтижесін айқын көрсетеді.
Мектептегі негізгі қызметінен бөлек, Назыгүл Арғымбекқызы қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысады. Спорттық жарыстарда жүлделі орындар иеленіп, мәдени-көпшілік шаралардың бел ортасында жүреді. Әріптестері арасында сыйлы, оқушыларына үлгі бола білген ұстаз өз кәсібіне адалдықтың жарқын үлгісін көрсетіп келеді.
Ұстаздың ең үлкен марапаты – шәкірт жетістігі. Нұртілек сынды дарынды жастардың биіктерді бағындыруы – Назыгүл Ибраеваның қажырлы еңбегі мен кәсіби шеберлігінің айғағы.
-
Фото
-