ПЕДАГОГТАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ – БАСТЫ НАЗАРДА
Түркістан облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінде Педагогикалық әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Кеңес отырысында білім беру ұйымдарындағы педагогикалық әдеп қағидаларының сақталуы, педагог мәртебесін арттыру және білім беру саласындағы құқықтық нормалардың орындалуы мәселелері қаралды. Сонымен қатар, Жетісай ауданы, Кентау қаласы және Түлкібас ауданынан келіп түскен арыз-шағымдар жан-жақты талқыланып, әрбір мәселе бойынша тиісті құқықтық және этикалық тұрғыдан баға берілді.
Кеңес жұмысына Түркістан облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Жандос Шайдуллаұлы қатысты. Ол педагогтердің кәсіби әдебі мен жауапкершілігін сақтау – білім беру сапасын арттырудың маңызды тетіктерінің бірі екенін атап өтіп, туындаған мәселелерді заң аясында әділ әрі ашық қараудың маңыздылығына тоқталды.
Отырыс қорытындысы бойынша кеңестің ұсыныстары негізге алынып, тиісті аудандар мен қалалардың білім бөлімдеріне өз құзыреттері шегінде қажетті жұмыстар жүргізу тапсырылды. Алдағы уақытта да педагогикалық әдеп нормаларының сақталуын қамтамасыз ету, білім беру ұйымдарындағы қолайлы моральдық-психологиялық ахуалды нығайту және педагогтардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасатын болады.