ТЕХНИКАЛЫҚ ИНСПЕКТОРЛАРДЫҢ МӘРТЕБЕСІ ЗАҢМЕН БЕКІТІЛДІ
Менің аты-жөнім – Шүбеков Мадияр. Мен Тараз қаласындағы мамандандырылған дарынды балаларға арналған «Дарын» лицейінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспектор қызметін атқарамын.
Менің негізгі міндетім – білім беру ұйымында қызметкерлер үшін қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге және оқушылар үшін қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыруға ықпал ету. Техникалық инспектор ретінде еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталуын бақылап, оқу кабинеттерінің, зертханалардың, спорт залдарының және басқа да нысандардың қауіпсіздік жағдайына тұрақты мониторинг жүргіземін.
Сонымен қатар қызметкерлерге еңбекті қорғау бойынша нұсқаулықтардың уақытылы өткізілуіне, қауіпсіздік талаптарының сақталуына ерекше назар аударамын. Еңбек жағдайларын жақсарту жөнінде ұсыныстар енгізіп, өндірістік жарақаттану мен жазатайым оқиғалардың алдын алу жұмыстарына белсенді қатысамын. Біздің жұмысымыз көп жағдайда көзге көріне бермегенімен, білім беру ұйымындағы қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруда оның маңызы өте зор.
Биылғы жылдың маусым айынан бастап техникалық инспекторлардың мәртебесі заңнамалық деңгейде бекітілді. Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының бастамасы мен белсенді ұстанымының нәтижесінде 2026 жылғы 3 маусымда Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Заң қабылданды.
Аталған Заңның 203-1-бабында «еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспектор» ұғымы нақты айқындалып, техникалық инспекторлардың құқықтары, міндеттері мен өкілеттіктері белгіленді. Енді техникалық инспекторлар жұмыс берушіден қажетті ақпаратты сұратуға, ұйым бөлімшелеріне еркін кіруге, жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеруге қатысуға, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласында ішкі бақылау жүргізуге, еңбек жағдайларын жақсарту жөнінде ұсыныстар енгізуге, сондай-ақ осы саладағы ішкі нормативтік құжаттарды әзірлеуге қатысуға құқылы.
Осы орайда қызметкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, еңбек қауіпсіздігін нығайтуға және техникалық инспекторлардың мәртебесін заңнамалық деңгейде бекітуге зор үлес қосқан кәсіподақ ұйымдарына шынайы алғысымды білдіремін. Кәсіподақ әрдайым еңбек адамдарының сенімді тірегі болып келеді және олардың қауіпсіз, лайықты еңбек жағдайларында жұмыс істеуіне тұрақты қолдау көрсетіп келеді.
Техникалық инспекторлардың мәртебесін заңнамалық деңгейде бекіту – еңбек қауіпсіздігі мәдениетін дамытуға, қызметкерлердің құқықтарын қорғауға және еңбек жағдайларын одан әрі жақсартуға бағытталған маңызды қадам деп есептеймін.
Жамбыл облыстық ұйымы.