«ART-UNION» – ЖАС КӨШБАСШЫЛАР АЛАҢЫ
Абай облыстық ұйымы ұйымдастырған жазғы жастар лагерінің екінші күні қатысушылар үшін мазмұнды әрі танымдық іс-шараларға толы болды.
Күн таңғы сергек көңіл-күймен басталып, жас мамандардың кәсіподақ қозғалысына белсенді қатысуын арттыруға арналған «Жас мамандарды кәсіподақ қозғалысына тарту: мәселелер мен тиімді шешімдер» тақырыбындағы кейстерді талдау сессиясымен жалғасты. Қатысушылар өз тәжірибелерімен бөлісіп, өзекті мәселелерді талқылап, тиімді шешу жолдарын ұсынды.
Түстен кейін лагерь қатысушылары Қабанбай батыр атындағы тарихи-өлкетану музейі жұмысымен танысып, өңірдің тарихы мен мәдени мұрасы туралы құнды мәліметтер алды.
Күннің ерекше сәттерінің бірі – кәсіподақ қозғалысына арналған қызықты әрі тартысты «QUIZ» ойыны болды. Зияткерлік сайыста жастар өз білімдерін сынап, командалық рух пен белсенділіктерін көрсетті.
Лагерьдің қорытынды күні «VISION: Нәтиже және Болашақ» тақырыбына арналып, қатысушыларды кәсіби даму, еңбек құқықтарын қорғау және білім беру үдерісіне заманауи технологияларды енгізу мәселелері төңірегінде біріктірді.
Күннің алғашқы маңызды шарасы С.С. Енсебаевтың «Ұжымдық келісімшарт — мұғалімдердің әлеуметтік-еңбек құқықтарын қорғаудың негізі» тақырыбындағы мазмұнды кездесуі болды. Кездесу барысында білім саласы қызметкерлерінің құқықтарын қорғау тетіктері, ұжымдық келісімшарттардың маңызы және әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз етудегі кәсіподақтардың рөлі жан-жақты талқыланды.
Келесі маңызды іс-шара Г.Омерханованың «ЖИ меңгерген маман — болашақтың ұстазы» атты дәрісі болды. Қатысушылар білім беру саласындағы жасанды интеллекттің заманауи мүмкіндіктерімен танысып, оны оқу үдерісінде қолданудың келешегі мен цифрлық трансформация жағдайында үздіксіз кәсіби дамудың маңыздылығы туралы пікір алмасты.
Түскі астан кейін бағдарлама Д.Асылханның «Бір сабақ — бес түрлі AI өнім» атты практикалық шеберлік сағатымен жалғасты. Жас мамандар жасанды интеллект құралдарының мүмкіндіктерін тәжірибе жүзінде меңгеріп, оларды білім беру қызметіне тиімді енгізу жолдарын қарастырды.
Күннің шарықтау шегі «Art-Union: Жастардың жаңа көзқарасы» жазғы жастар лагерінің салтанатты жабылу рәсімі болды. Іс-шара барысында үш күндік мазмұнды бағдарламаның қорытындылары шығарылып, белсенді қатысушылар атап өтілді және жастардың кәсіби әлеуетін дамытудағы осындай бастамалардың маңыздылығы ерекше көрсетілді.
Лагерь тәжірибе алмасуға, жаңа білім алуға және білім беру жүйесін дамытудың заманауи көзқарастарын қалыптастыруға арналған тиімді алаңға айналды.
Қатысушылар ұйымдастыру деңгейінің жоғары екенін, көтерілген тақырыптардың өзектілігін және алған білім мен дағдылардың практикалық маңызын ерекше атап өтті.
Жазғы жастар лагері қатысушыларға жарқын әсер, жаңа достық байланыстар мен алдағы кәсіби қызметте және жаңа бастамаларды жүзеге асыруда шабыт сыйлады.
-
Фото
-