ЖАС КЕЛСЕ - ІСКЕ
Әйтеке би аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымы Жастар кеңесінің төрағасы Жаңабаев Рифат Меңдіболатұлы – ұстаздық қызмет пен қоғамдық жұмысты қатар алып жүрген, кәсіби біліктілігі мен белсенді азаматтық ұстанымын үйлестіре білген жас мамандардың бірі. Білім беру саласындағы ізденісі, ұйымдастырушылық қабілеті және жастармен жүргізіп жүрген жүйелі жұмысы арқылы әріптестері мен шәкірттерінің құрметіне ие болып келеді.
Рифат Жаңабаев 1995 жылдың 21 қарашасында Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданының Сарат ауылында дүниеге келген. Алғашқы білімін Сарат орта мектебінде алып, мектеп өміріндегі қоғамдық және зияткерлік шараларға белсене қатысып, өз қабілетін түрлі бағытта шыңдай білді.
2013 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің математика мамандығына оқуға түсіп, 2017 жылы жоғары білім алып шықты. Еңбек жолын туған ауылындағы білім беру мекемесінде математика пәнінің мұғалімі ретінде бастаған жас маман аз уақыт ішінде өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, шәкірт жүрегіне жол таба білетін ұстаз ретінде танылды.
2023 жылдан бастап мектеп директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары қызметін атқарып келеді. Бұл қызметте оқушылардың рухани-адамгершілік тәрбиесіне, шығармашылық әлеуетін дамытуға және қоғамдық белсенділігін арттыруға бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде ұйымдастырып келеді.
Рифат Жаңабаев үздіксіз кәсіби дамуды басты қағидаларының бірі санайды. Соңғы жылдары облыстық және республикалық деңгейдегі педагогикалық олимпиадаларда І және ІІ дәрежелі дипломдарға ие болып, кәсіби шеберлігін дәлелдеді. Сонымен қатар «Математикалық регата» және «Математикалық синергия» интеллектуалдық ойындарында жеңімпаз атанып, математика саласындағы терең білімін көрсетті.
Білім беру ісіне қосқан үлесі үшін аудандық білім бөлімі тарапынан бірнеше мәрте Алғыс хаттармен марапатталды. Сондай-ақ кәсіподақ ұйымының Құрмет грамотасына ие болып, педагогикалық қызметтегі еңбегі жоғары бағаланды.
Ұстаз еңбегінің нәтижесі шәкірт жетістігімен өлшенеді. Осы тұрғыда Рифат Жаңабаевтың оқушылары аудандық және облыстық пәндік олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болып, республикалық «Алтын түлек» олимпиадасында жоғары нәтижелер көрсетті.
Қоғамдық жұмыстарға да белсенді араласатын Рифат Жаңабаев жастардың бастамаларын қолдап, олардың кәсіби және тұлғалық дамуына бағытталған жобалардың жүзеге асуына үлес қосып келеді. Жастар кеңесінің төрағасы ретінде жас педагогтардың басын біріктіріп, тәжірибе алмасу мен ынтымақтастықты нығайту бағытында нәтижелі жұмыстар атқаруда.
Бүгінде Жаңабаев Рифат Меңдіболатұлы – кәсіби біліктілік пен адамгершілік құндылықтарды қатар ұстанған, білім мен тәрбиені егіз ұғым ретінде бағалайтын педагог. Туған жерінің білім саласында еңбек етіп жүрген жас педагогтың басты құндылығы – сенім артқан шәкірттің жетістігі мен қоғамға пайдасы тиетін азамат болып қалыптасуы.