БІЛІМ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ БУРАБАЙДА
Ақтөбе облысында Темір аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымының қолдауымен жазғы демалыс кезінде ауданның 50-ге жуық білім саласы қызметкері Қазақстанның көрікті мекендерінің бірі – Бурабай өңіріне тарихи-танымдық саяхат жасады.
Кәсіподақ мүшелеріне арналған бұл сапардың басты мақсаты – ұстаздардың жазғы демалысын мазмұнды ұйымдастырып, олардың мәдени-рухани танымын кеңейту, сондай-ақ туған елдің тарихы мен табиғи байлықтарын жақынырақ таныстыру болды.
Саяхат барысында білім қызметкерлері Бурабай өңірінің ең көрнекті тарихи және табиғи орындарын аралады. Олар табиғаттың қайталанбас жауһары саналатын Көкше тауының баурайын, Бурабай көлі мен Жұмбақтас жартасын тамашалап, өңірдің аңызға толы тарихымен танысты. Сонымен қатар, саяхатшылар Оқжетпес шыңының ерекше келбетін көріп, ұлттық құндылықтар мен тарихи мұраларға қатысты көптеген қызықты мәліметтерге қанықты.
Әсем табиғат аясында ұйымдастырылған экскурсиялар мен танымдық кездесулер қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, ұжымдық байланысты нығайтуға мүмкіндік берді. Сапар барысында ұстаздар өзара тәжірибе алмасып, бейресми ортада пікір бөлісіп, әсерлі сәттерді бірге өткізді.
Саяхаттан алған әсерлерімен бөліскен қатысушылар ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, мұндай тағылымды шаралардың алдағы уақытта да жалғасын табуына тілектестік танытты.
-
Фото
-