ТӘЖІРИБЕ МЕН ТАҒЫЛЫМ ТОҒЫСҚАН ТҰЛҒА
Ұстаз – ұлт болашағын тәрбиелейтін, қоғамның дамуына өлшеусіз үлес қосатын қадірлі мамандық иесі. Саналы ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнап, білім беру саласында ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етіп келе жатқан жандардың бірі – №237 негізгі мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Сариева Орынкүл Әлікұлқызы.
37 жылдық еңбек өтілі бар тәжірибелі педагог өз қызметінде кәсіби шеберлігімен, жауапкершілігімен және шәкірттеріне деген ерекше жанашырлығымен танылып келеді. Ол әрбір оқушының бойындағы қабілетті ашуға, білімге деген қызығушылығын арттыруға және адамгершілік құндылықтарды бойына сіңіруге ерекше мән береді.
Ұстаздың тынымсыз еңбегі мен шығармашылық ізденісінің нәтижесінде шәкірттері түрлі білім және өнер байқауларында жоғары жетістіктерге жетіп жүр. Атап айтқанда, оқушылары аудандық ғылыми жобалар байқауында жүлделі ІІ орынды иеленіп, мектеп абыройын асқақтатты. Сонымен қатар, «Абай оқулары», «Мұқағали оқулары», «Пони», «Ақбота», аудандық «Алтын сақа» сияқты байқаулар мен зияткерлік жарыстарға белсенді қатысып, жүлделі орындарды еншіледі.
Ұстаз үшін ең үлкен марапат – шәкіртінің жетістігі. Ал сол жетістіктің артында ұстаздың маңдай тері, қажырлы еңбегі мен жүрек жылуы тұратыны сөзсіз. Осы тұрғыдан алғанда, Сариева Орынкүл Әлікұлқызының білім саласындағы өнегелі жолы мен жас ұрпақ тәрбиелеудегі еселі еңбегі әріптестеріне де, кейінгі буын ұстаздарға да үлгі бола алады.
Тәжірибесі мол, тағылымы терең ұстаздың шәкірт тәрбиесіндегі табысты жолы алдағы уақытта да жалғасын тауып, ел игілігіне қызмет ете беретініне сенім мол.
Қызылорда облыстық ұйымы