ЖАС БАСШЫНЫҢ ЖАРҚЫН ЖОЛЫ
Ұстаздық тек білім берумен шектелмейтін, ұлт болашағын қалыптастыратын қасиетті де жауапты мамандық. Осы жолда кәсіби біліктілігімен, жаңашыл көзқарасымен және ұйымдастырушылық қабілетімен ерекшеленіп жүрген жас басшылардың бірі – Отарбек Наурызбек Оразбекұлы.
Отарбек Наурызбек Оразбекұлы Ақтөбе облысы Байғанин ауданына қарасты Жарлы ауылында дүниеге келген. Көпбалалы отбасында тәрбиеленіп өскен ол бүгінде өзі де өнегелі әке, екі баланың тәрбиесіне жауапты отбасы иесі.
Білімге құштар жас 2011 жылы Байғанин орта мектебін тәмамдап, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түседі. Студенттік жылдары қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, түрлі байқаулар мен олимпиадаларда, облыстық айтыстарда бақ сынап, жүлделі орындарға ие болды.
Еңбек жолын 2015 жылы Әлия Молдағұлова атындағы негізгі орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бастады. Кейін 2016–2019 жылдары Шұбарқұдық гимназиясында ұстаздық қызмет атқарды. 2019–2021 жылдары Темір аудандық жастар саясаты және дін істері орталығының директоры қызметін абыроймен атқарып, жастармен жұмыс саласында тәжірибе жинақтады. Ал, 2021–2022 жылдары Темір аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинетінде әдіскер болып еңбек етті.
2022 жылдан бастап Шұбарқұдық гимназиясында директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, әрі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі қызметтерін қатар атқарды. Сонымен бірге Темір аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымы жанындағы Жастар кеңесінің төрағасы ретінде жас мамандардың кәсіби дамуына үлес қосты.
2026 жылдың наурыз айынан бастап Шұбарқұдық гимназиясының директоры қызметіне тағайындалып, білім ордасының дамуына бағытталған жаңа бастамаларды жүзеге асыруда.
Жас басшының кәсіби жетістіктері оның тынымсыз еңбегінің нәтижесі екенін көрсетеді. Атап айтқанда, 2023 жылы «Дарынды балаға – талантты ұстаз» республикалық олимпиадасының жүлдегері атанса, 2025 жылы «Оқу және математикалық сауаттылық: табысты синергия» республикалық олимпиадасында жүлделі орын иеленді. Сондай-ақ, 2025 жылы «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» республикалық кадр резервінің мүшесі болды.
Жас болса да мол тәжірибе жинақтап, білім саласында өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған Отарбек Наурызбек Оразбекұлы – заман талабына сай ойлайтын, ұжымын ортақ мақсатқа жұмылдыра білетін, болашағынан үлкен үміт күттіретін білікті басшылардың бірі.