КӘСІПОДАҚ АЛАҢЫНДА ЕҢБЕК ЗАҢНАМАСЫНДАҒЫ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ
Түркістан облыстық кәсіподақ ұйымында еңбек қатынастары саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға арналған маңызды кездесу өтті.
Жиынға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Ә.Амангелді және департаменттің Еңбек қатынастарын бақылау бөлімінің басшысы Ғ. Сапарқұлов қатысты.
Кездесуге Салалық кәсіподақтың Түркістан облыстық ұйымы төрағасының орынбасары Е.Исатаев, қала және аудандық филиалдардың төрағалары мен кәсіподақ мүшелері қатысты. Жиынға облыстық ұйым төрағасы Ж.Шайдуллаұлы Zoom платформасы арқылы онлайн қатысты.
Кездесудің мақсаты – еңбек заңнамасында көзделген әйелдер мен отбасылық міндеттері бар азаматтардың құқықтары мен кепілдіктерін түсіндіру, еңбек қатынастарында кемсітушілікке жол бермеу, жұмыскерлердің әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету және құқықтық сауаттылықты арттыру.
Жиында жүкті әйелдерге берілетін еңбек кепілдіктері, бала күтімі демалысындағы қызметкерлердің құқықтары, икемді жұмыс кестесін ұйымдастыру, жұмысқа қабылдау кезінде тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету, сондай-ақ жұмыс берушілердің еңбек заңнамасын сақтау міндеттері жан-жақты түсіндірілді.
Қатысушылар өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, қойылған сұрақтарға нақты жауаптар алды. Жиын қорытындысында еңбек заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету, жұмыскерлердің құқықтарын қорғау және әлеуметтік әріптестікті дамытудың маңыздылығы атап өтілді. Түркістан облыстық кәсіподақ ұйымы мен Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаменті алдағы уақытта да әлеуметтік әріптестікті дамыту және жұмыскерлердің құқықтық қорғалуын күшейту бағытында бірлескен жұмыстарын жалғастырады.