ЖЕТІСУДА АТҚАРУ КОМИТЕТІНІҢ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
29 маусым күні Алакөл ауданы Ақши ауылындағы «Ару-Ана» демалыс орнында Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің «Жетісу» жергілікті кәсіподағы Атқару комитетінің кезекті отырысы өтті. Отырысты облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Мэлс Төлепбергенов жүргізді.
Күн тәртібіне кәсіподақ қызметінің маңызды бағыттарын қамтитын бірнеше өзекті мәселе енгізілді. Алғашқы мәселе бойынша Талдықорған және Текелі қалалық кәсіподақ филиалдарында еңбек заңнамасының орындалуына қоғамдық бақылау жүргізу, қызметкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың өтініштерімен жұмыс жүргізу барысы қаралды. Баяндамашылар атқарылған жұмыстарға тоқталып, еңбек қатынастары саласындағы өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдарын ортаға салды.
Келесі мәселе аясында Ескелді және Көксу аудандық кәсіподақ филиалдарындағы құжат айналымын цифрлық форматқа көшіру жұмыстарының жай-күйі талқыланды.
Баяндамашылар цифрландыру бағытында атқарылған жұмыстарды таныстырып, заманауи ақпараттық технологияларды енгізудің тиімділігі мен болашақтағы міндеттер туралы баяндады.
Сонымен қатар, Алакөл аудандық филиалының ақпараттық жұмысты ұйымдастыру және кәсіподақ қызметін бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жариялау бағытындағы жұмыстары қаралды.
Ақпараттық саясатты жетілдіру, кәсіподақ қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету және ұйымның оң имиджін қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Отырыс барысында кәсіподақ қызметін одан әрі жетілдіруге бағытталған бірқатар ұйымдастыру мәселелері де қаралып, тиісті ұсыныстар айтылды. Атқару комитетінің мүшелері күн тәртібіндегі барлық мәселелер бойынша пікір алмасып, алдағы кезеңге арналған міндеттерді айқындады.
Жиын қорытындысында күн тәртібіне енгізілген барлық мәселелер жан-жақты талқыланып, олар бойынша тиісті қаулылар қабылданды. Қабылданған шешімдер кәсіподақ ұйымдарының жұмысын жетілдіруге, мүшелердің еңбек және әлеуметтік құқықтарын қорғауды күшейтуге, сондай-ақ кәсіподақ қызметінің тиімділігін арттыруға бағытталды.
Жетісу облыстық ұйымының баспасөз қызметі
-
Фото
-