КӘСІПОДАҚ МҮШЕЛЕРІН САУЫҚТЫРУ
Жаз мезгілі – жыл бойы тынымсыз еңбек еткен ұстаздар мен білім саласы қызметкерлері үшін тынығып, күш-қуат жинайтын ерекше кезең. Осы орайда Хромтау аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымы өз мүшелерінің жазғы демалысын мазмұнды, әрі тиімді ұйымдастыру мақсатында бірқатар игі шараларды жүзеге асырды.
Атап айтқанда, білім беру ұйымдарында еңбек жолын енді бастаған жас мамандар үшін еліміздің көрікті табиғатымен, тарихи-мәдени орындарымен танысуға мүмкіндік беретін Бурабай–Зеренді өңіріне тарихи-танымдық саяхат ұйымдастырылды. Көкшетаудың көркем табиғаты, Бурабай мен Зерендінің сұлу көлдері мен жасыл орманы саяхатқа қатысушыларға ерекше әсер қалдырды.
Сонымен қатар, ауданның білім беру ұйымдарында еңбек ететін мұғалімдер, кітапханашылар және техникалық қызметкерлер Сарыағаш өңіріндегі шипажайларда емдік-сауықтыру демалысына жіберілді. Минералды сулары мен табиғи емдік қасиетімен танымал бұл өңірде қызметкерлер денсаулықтарын нығайтып, сапалы тынығып қайтуға мүмкіндік алды.
Хромтау аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымы алдағы уақытта да сала қызметкерлерінің әл-ауқатын арттыруға бағытталған әлеуметтік жобалар мен мәдени-танымдық іс-шараларды жүйелі түрде ұйымдастыра бермек. Алдағы күндері кәсіподақ мүшелерінің бір тобы Алматы қаласына тарихи-танымдық саяхатқа аттанса, енді бір бөлігі Алға қаласындағы «Шипагер» шипажайында емдік-сауықтыру демалысын өткізеді. Себебі, ұстаздар мен білім саласы қызметкерлерінің сапалы тынығуы – олардың жаңа оқу жылын тың серпінмен, мол күш-жігермен қарсы алуының маңызды кепілі.