ЖАС КЕЛСЕ – ІСКЕ
Білімді ұрпақ тәрбиелеу – зор жауапкершілік пен үздіксіз ізденісті талап ететін абыройлы міндет. Осы жолда кәсіби шеберлігімен, жаңашыл көзқарасымен және нәтижелі еңбегімен танылып жүрген жас ұстаздардың бірі – Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, №210 О. Әбілпаттаев атындағы орта мектептің математика және информатика пәнінің мұғалімі, педагог-модератор, педагогика ғылымдарының магистрі Сағидолла Бекзат Сағидоллақызы.
Ұстаз еңбегінің басты көрсеткіші – шәкірт жетістігі. Бекзат Сағидоллақызы жетекшілік еткен оқушылар республикалық ғылыми жобалар конкурсында жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Атап айтқанда, Аманбекова Жәния республикалық ғылыми жобалар конкурсының аудандық және облыстық кезеңдерінде І орын иеленсе, Қайырбекова Торғын мен Дүйсенбай Ернар аудандық кезеңнің жеңімпаздары атанды. «Зерде» республикалық зерттеу жұмыстары мен шығармашылық жобалар байқауында Ибрай Мадияр мен Дүйсенбай Әли жүлделі орындарға ие болды.
Жас ұстаз оқушылардың цифрлық сауаттылығын арттыруға және инновациялық жобаларға қызығушылығын дамытуға ерекше көңіл бөледі. Оның шәкірті Жұмағалиев Жомарт «Ұлы өнертапқыштыққа алғашқы қадам» аудандық байқауында І орын алып, облыстық кезеңде Алғыс хатпен марапатталды.
Математика пәнінен де шәкірттері тұрақты жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Республикалық «Алтын түлек» математикалық олимпиадасының өңірлік кезеңінде Ернатқызы Томирис І орын, Оспан Мағжан ІІ орын иеленсе, республикалық кезеңде Ернатқызы Томирис ІІІ орынға қол жеткізіп, мектеп мерейін үстем етті.
Білімі мен біліктілігін ұдайы жетілдіріп, шәкірттерінің қабілетін шыңдауға бар күш-жігерін арнап жүрген Бекзат Сағидоллақызы – жас ұстаздарға үлгі боларлық тұлға. Оның табысты еңбегі мен шәкірттерінің жетістігі «Жас келсе – іске» деген қанатты сөздің өміршеңдігін айқын дәлелдейді.
Қызылорда облыстық ұйымы