ЖАС КЕЛСЕ – ІСКЕ
Жас болса да, білімі мен білігін ұштастырып, шәкірт тәрбиесінде табысты еңбек етіп жүрген ұстаздардың бірі – Қазалы ауданы, Ғ.Мұратбаев атындағы №91 орта мектептің математика пәнінің мұғалімі Айтуған Дәметкен Айтуғанқызы.
Дәметкен Айтуғанқызы 1996 жылы 15 ақпанда Қызылорда облысы, Қазалы ауданының Ғани Мұратбаев ауылында дүниеге келген. 2017 жылы Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетін математика пәні мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдап, еңбек жолын Қ.Пірімов ауылындағы Қ.Күлетов атындағы №92 орта мектепте бастады. Қазіргі таңда туған ауылындағы Ғ.Мұратбаев атындағы №91 орта мектепте шәкірт тәрбиелеп келеді. Бүгінде тоғыз жылдық еңбек тәжірибесі бар, педагог-модератор санатындағы білікті маман.
Жас ұстаз өз ісіне деген жауапкершілігімен, жаңашылдығымен және ізденімпаздығымен ерекшеленеді. Сабақ барысында заманауи педагогикалық технологияларды тиімді қолданып, оқушылардың математикалық сауаттылығын арттыруға, логикалық ойлау қабілеті мен шығармашылық әлеуетін дамытуға ерекше көңіл бөледі.
Ұстаздың тынымсыз еңбегі шәкірттерінің жетістіктерінен айқын көрінеді. Оның оқушылары аудандық және облыстық пән олимпиадаларында, түрлі математикалық байқаулар мен ғылыми жобаларда жүлделі орындарға ие болып, мектеп мерейін үстем етіп келеді.
Ұстаздықты жүрек қалауымен таңдаған Дәметкен Айтуғанқызы қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып, білім саласының дамуына өзіндік үлесін қосып келеді. Жастығына қарамастан, кәсіби шеберлігімен, еңбекқорлығымен және ізденісімен әріптестерінің құрметіне бөленген жас маман «Жас келсе – іске» деген қанатты сөздің жарқын үлгісі.
Қызылорда облыстық ұйымы