ТАНЫМДЫ АРТТЫРҒАН ТАШКЕНТ САПАРЫ
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік қолдауын күшейту мақсатында сауықтыру және мәдени-танымдық сапарларды жүйелі түрде жалғастырып келеді.
Биыл облыстың 200-ге жуық білім саласы қызметкері Жергілікті кәсіподақтың қолдауымен Өзбекстан Республикасының астанасы Ташкент қаласына туристік-танымдық сапармен барып қайтты. «Тараз-Профсоюз-Турист» ЖШС ұйымдастырған екі күндік саяхат барысында қатысушылар тарихи-мәдени ескерткіштерді аралап, көрші елдің бай мәдениетімен, сәулетімен және тарихымен танысты.
Бағдарлама аясында кәсіподақ мүшелері Төле би кесенесіне тағзым етіп, «Әмір Темір» музейін, Ташкент телемұнарасын, «Жұлдыздар әлемі» музейін және заманауи «Ташкент City» кешенін тамашалады. Ал Сарысу ауданының білім қызметкерлері саяхатын Самарқанд қаласында жалғастырып, әйгілі Регистан алаңы, Әмір Темір кесенесі мен Шахи-Зинда тарихи кешенінде болды.
Демалушылардың айтуынша, мұндай сапарлар тек жаңа жерлерді танып-білуге ғана емес, әріптестер арасындағы достықты нығайтуға, мәдени көкжиекті кеңейтуге және жаңа оқу жылы алдында тың серпін алуға мүмкіндік береді. Бұл туралы №42 мектептің мұғалімі Индира Абуова былай дейді: «Осындай тағылымды саяхатты ұйымдастырған жергілікті кәсіподаққа алғысымыз шексіз. Мұндай сапарлар адамның рухани дүниесін байытып қана қоймай, жұмысқа деген ынтаны арттырады. Барлығымыз ерекше әсермен оралдық».
Жергілікті кәсіподақ алдағы уақытта да кәсіподақ мүшелері мен олардың отбасы өкілдеріне арналған сауықтыру, туристік және мәдени-танымдық жобаларды жалғастыра береді. Өйткені еңбек адамының әлеуметтік қорғалуы тек еңбек құқықтарын қорғаумен ғана емес, сапалы демалыс ұйымдастырумен, рухани дамуына жағдай жасаумен де өлшенеді.
Жамбыл облыстық ұйымы
-
Фото
-