ӨЗ ІСІНІҢ ШЕБЕРІ
Әрбір шәкірттің жүрегіне білімнің шуағын сеуіп, мейірім мен жауапкершілікті өмірлік ұстанымына айналдырған ұстаз – Тлеумбетова Жұмагүл Жоламанқызы.
Тлеумбетова Жұмагүл Жоламанқызы — 1975 жылдың 10 қазанында Ақтөбе облысы Темір ауданы Шұбарқұдық кентінде дүниеге келген. Алғашқы білімін №1 Шұбарқұдық жалпы орта білім беретін мектебінде алып, 1992–1994 жылдары Ақтөбе медицина училищесінде «Мейірбике» мамандығы бойынша білім алды.
Еңбек жолын 1994 жылы Темір аудандық ауруханасында мейірбике болып бастап, адам денсаулығын сақтауға өз үлесін қосты. 1999–2004 жылдары №4 Шұбарқұдық жалпы орта білім беретін мектебінде мектеп мейірбикесі қызметін абыроймен атқарды.
Білім беру саласына деген қызығушылығы мен ұстаздық мамандыққа деген шынайы сүйіспеншілігі оны жаңа белестерге жетеледі. 2000–2004 жылдары Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінде «Бастауыш сынып мұғалімі» мамандығы бойынша жоғары білім алды.
2005–2009 жылдары мектеп кітапханашысы, ал 2010–2012 жылдары мектепалды даярлық тобының тәрбиешісі қызметтерін атқарып, мол тәжірибе жинақтады. 2012 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін №4 Шұбарқұдық жалпы орта білім беретін мектебінде бастауыш сынып мұғалімі ретінде жемісті еңбек етіп келеді. Өз ісіне адалдығы, кәсіби шеберлігі мен жаңашыл ізденісі арқылы оқушыларының сапалы білім алып, жан-жақты дамуына сүбелі үлес қосуда.
Ұзақ жылғы тынымсыз еңбегі мен білім беру саласына қосқан үлесі ескеріліп, түрлі марапаттарға ие болды. Оның шәкірттері аудандық, облыстық және республикалық пәндік олимпиадаларда, сондай-ақ зияткерлік және шығармашылық байқауларда жүлделі орындарға ие болып, ұстаз еңбегінің жемісті нәтижесін айқын көрсетіп келеді.
Жұмагүл Тлеумбетова – кәсіби біліктілігі жоғары, ұжым арасында зор құрметке ие, ата-аналардың сеніміне ие болған, шәкірттерінің жүрегінен ерекше орын алған тәжірибелі педагог. Ол әрбір оқушының қабілетін танып, білімге деген қызығушылығын арттыру жолында аянбай еңбек етіп келеді.
Өз ісінің шебері атанған Жұмагүл Тлеумбетова елеулі еңбегі мен ұстаздық өнегесі жас буынға бағыт-бағдар беріп, әріптестеріне үлгі болып келеді.
--
Ақтөбе облыстық кәсіподағы
-
Фото
-