КӘСІПОДАҚ ҰЙЫМДАСТЫРҒАН САПАЛЫ ДЕМАЛЫС
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы жыл сайын кәсіподақ мүшелеріне арналған сауықтыру шараларын ұйымдастырып келеді. Биыл да Шу ауданынан 50 білім қызметкері кәсіподақтың қолдауымен Алакөл жағалауында демалып, денсаулықтарын нығайтып қайтты. Ұстаздардың денсаулығын нығайту, олардың сапалы демалуына жағдай жасау және жаңа оқу жылына сергек көңіл күймен оралуына мүмкіндік беру кәсіподақ қызметінің маңызды бағыттарының бірі саналады.
Алакөл көлі еліміздегі табиғи шипалы демалыс орындарының бірі. Минералдарға бай тұзды суы мен табиғи ерекшелігі көптеген демалушылардың қызығушылығын тудырады. Демалыс барысында кәсіподақ мүшелері-педагогтер көлге шомылып, табиғат аясында тынығып, ұйымдастырылған мәдени-көпшілік іс-шараларға қатысты. Катермен серуендеу, жағалаудағы қызықты бағдарламалар мен әріптестер арасындағы еркін жүздесулер демалыстың мазмұнын байыта түсті.
Шу ауданындағы білім саласы қызметкерлерінің айтуынша, мұндай демалыс адамның күш-қуатын қалпына келтіріп қана қоймай, жаңа оқу жылына тың серпінмен кірісуге мүмкіндік береді. «Алакөлде алғаш рет демалып қайттым. Барлық жағдай жасалған. Бірнеше күн ішінде жақсы тынығып, ерекше әсермен оралдық. Осындай мүмкіндік жасап отырған жергілікті кәсіподаққа ризашылығым шексіз. Мұндай қамқорлық әрбір ұстаз үшін үлкен қолдау, – дейді демалушылардың бірі.
Кәсіподақ ұйымдастыратын сауықтыру шаралары жыл сайын жүздеген білім қызметкерін қамтып келеді. Бұл ұстаздардың денсаулығын нығайтуға, олардың әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға және еңбекке деген ынтасын көтеруге бағытталған маңызды бастама. Демалушылар Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы Ерұлан Мағзымбековке, сондай-ақ Шу аудандық кәсіподақ филиалының төрайымы Аида Бекмурзинаға ұстаздардың сапалы демалысын ұйымдастырудағы еңбектері үшін шынайы алғыстарын білдіреді.
Осындай әлеуметтік жобалардың арқасында кәсіподақ мүшелері денсаулықтарын нығайтып қана қоймай, жаңа оқу жылын көтеріңкі көңіл күймен қарсы алмақ. Бұл кәсіподақтың еңбек адамына деген нақты қамқорлығының жарқын көрінісі.
Жамбыл облыстық кәсіподақ ұйымының Шу аудандық комитеті