АДАЛ ЕҢБЕК – АБЫРОЙ БАСТАУЫ
Жүрек қалауымен таңдалатын, адалдық пен табандылықты талап ететін ерекше мамандықтың бірі - ұстаздық. Бұл жолда жылдар бойы қажырлы еңбек етіп, мыңдаған шәкірттің жүрегіне білімнің шырағын жаққан жандар аз емес. Солардың бірі Жамбыл облысы Жуалы ауданындағы №11 Тайыр Тастандиев атындағы орта мектептің математика пәнінің мұғалімі Рабиға Ұзақбайқызы Әліпбаева.
Рабиға Ұзақбайқызының педагогикалық еңбек өтілі 38 жыл. Соның ішінде отыз жылға жуық уақытын №11 Тайыр Тастандиев атындағы орта мектепте шәкірт тәрбиелеуге арнап келеді. Осы жылдар ішінде талай буынға сапалы білім беріп, олардың өмірден өз жолын табуына бағыт-бағдар көрсетті. Кейіпкеріміз ұстаздықты жай ғана мамандық емес, өмірлік миссия деп біледі.
1988 жылы еңбек жолын «Қызыл Октябрь» орта мектебінде бастаған жас маман араға жылдар салып №11 Тайыр Тастандиев атындағы орта мектеп ұжымына келді. Содан бері білім ордасының өсіп-өркендеуіне өз үлесін қосып келеді. Әр ұстаздың өз ұстанымы болады. Рабиға Ұзақбайқызы үшін ең бастысы әр баланың қабілетін ашып, оны өмірге дайындау.
– Білім беру біздің міндетіміз. Ал жақсы адам тәрбиелеу парызымыз. Сондықтан әр оқушының бойына біліммен бірге адамгершілік пен ұлттық құндылықтарды сіңіруге тырысамын, – дейді тәжірибелі педагог.
Жаңашылдыққа ұмтылу да оның еңбек жолының ажырамас бөлігіне айналған. Ол педагогтердің біліктілігін арттыру курстарынан өтіп, мектепте коучингтер ұйымдастырып келеді. Өз тәжірибесін әріптестерімен бөлісіп, білім беру үдерісіне жаңа әдістерді енгізуге атсалысады. Оның тәрбиелеген оқушылары аудандық, облыстық және республикалық пән олимпиадаларында, ғылыми жобалар мен түрлі білім бәйгелерінде жүлделі орындарға ие болып жүр. Бүгінгі білім беру жүйесі мұғалімнен үздіксіз ізденісті талап ететіні белгілі. Осы талапқа сай Рабиға Әліпбаева пәндік білімін ғана емес, педагогикалық және цифрлық құзыреттерін де үнемі жетілдіріп келеді. Ол оқушыға дайын білім беруші емес, өздігінен ізденуге бағыттайтын заманауи мұғалімнің үлгісін көрсетіп жүр.
Әріптестері оны кәсібіне адал, жауапкершілігі жоғары, еңбекқор ұстаз ретінде бағалайды. Ұжымдағы жастар үшін ақылшы болса, шәкірттері үшін әрдайым қолдау көрсететін ұстаз. Бүгінде Рабиға Ұзақбайқызының басты байлығы жылдар бойғы адал еңбегі, шәкірттерінің жетістігі және әріптестерінің құрметі.
Жамбыл облыстық ұйымы.