ҰЖЫМ МҮДДЕСІ – БАСТЫ ҰСТАНЫМ
Мен, Талипова Қарлығаш Қайыржанқызы, Солтүстік Қазақстан облысы Ақжар ауданының «Ақжарқын орта мектебі» КММ-де математика пәнінің мұғалімі болып еңбек етемін.
Мен үшін кәсіподақ комитетінің төрайымы бол құрғақ міндет емес. Бұл әріптестеріме нақты қолдау көрсетуге, еңбек ұжымының мүддесін қорғауға және олардың құқықтарын сақтауға мүмкіндік беретін үлкен жауапкершілік.
Менің жұмысымдағы басты бағыттардың бірі – қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау. Кәсіподақ төрайымы ретінде қызметкерлердің сенімді өкілі болып, туындаған даулы мәселелерді шешуге атсалысамын, күрделі жұмыс жағдайларында әріптестеріме жан-жақты қолдау көрсетемін.
Сонымен қатар еңбек заңнамасы бойынша құқықтық кеңес беріп, қажетті құжаттарды дайындау мен рәсімдеуге көмектесемін, қызметкерлердің құқықтары мен міндеттерін жан-жақты түсіндіремін.
Комиссиялардың жұмысына белсенді қатысып, қызметкерлердің өтініштерін қарау барысында объективтілік пен ашықтық қағидаттарын басшылыққа аламын. Материалдық көмек көрсету мен марапаттарды бөлу кезінде әділдік пен жариялылықтың сақталуына ерекше мән беремін.
Ұжымның бірлігін нығайту да мен үшін маңызды. Осы мақсатта бірлескен іс-шаралар ұйымдастырып, әріптестер арасында ынтымақтастық, өзара сенім мен құрмет атмосферасын қалыптастыруға күш саламын. Қызметкерлер сырқаттанғанда, жеке өмірінде қиындықтар туындағанда немесе жұмыс барысында келіспеушіліктер орын алғанда, кәсіподақ әрқашан олардың жанынан табылып, қолдау көрсетуге дайын.
Менің берік ұстанымым: мықты кәсіподақ белсенді әрі жауапты төрағасыз мүмкін емес, ал төрағаның жұмысының тиімділігі ұжымның оған деген сенімімен өлшенеді.
Солтүстік Қазақстан облыстық ұйымы