ЖАС ҰСТАЗДЫҢ ЖЕТІСТІГІ – БІЛІМ САЛАСЫНЫҢ ЖАРҚЫН КЕЛЕШЕГІ
Жас маманның кәсіби қалыптасуы – білімге деген құштарлықтан, үздіксіз ізденістен және өз ісіне деген сүйіспеншіліктен басталады. Осындай жас та болса, өз ісіне жауапкершілікпен қарап, шәкірт тәрбиесіне сүбелі үлес қосып жүрген ұстаздардың бірі – Асанова Нұргүл Айбекқызы.
Ол 2020–2024 жылдары Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде «Орыс тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасы бойынша білім алып, оқу орнын үздік дипломмен тәмамдады.
Қазіргі таңда Қазалы қаласындағы М. Горький атындағы №16 мектеп-лицейінде орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарады. Еңбек жолын енді бастағанына қарамастан, кәсіби біліктілігін үздіксіз жетілдіріп, білім беру үдерісіне заманауи әдіс-тәсілдерді тиімді енгізіп келеді.
Шығармашыл әрі ізденімпаз ұстаздың жетекшілігімен білім алған оқушылар оқу сауаттылығы бойынша Ұлттық бірыңғай тестілеуде жоғары нәтижеге қол жеткізіп, 10 мүмкін балдың 10-ын иеленді. Сонымен қатар, шәкірттері пікірсайыс (дебат) турнирлерінде, орыс тілі пәнінен республикалық, облыстық және аудандық олимпиадалар мен түрлі зияткерлік байқауларда жүлделі орындарға ие болып жүр.
Нұргүл Айбекқызы кәсіби шеберлігімен, еңбекқорлығымен және жаңашыл көзқарасымен шәкірттерінің сапалы білім алып, жан-жақты дамуына өз үлесін қосып келеді. Әріптестері арасында сыйлы, оқушыларына талапшыл әрі жанашыр ұстаз ретінде танылып, жас маманға тән жалын мен ізденісті ұштастыра білген педагог ретінде ерекшеленеді.
Жастар – елдің ертеңі, білімнің болашағы. Осындай білімді, білікті әрі мақсаткер жас ұстаздардың қажырлы еңбегі білім саласының дамуына тың серпін беріп, келешек ұрпақтың кемел болашағын қалыптастыруға қызмет ете беретіні сөзсіз.
Қызылорда облыстық ұйымы