ҰСТАЗДЫҚТЫҢ ҰЛЫ ЖОЛЫ
Ұстаздық – жүрек қалауымен таңдалатын, асқан жауапкершілік пен шынайы адалдықты талап ететін қасиетті мамандық. Осы бір ардақты жолда абыроймен еңбек етіп, бүгінде зейнеткерлікке шыққалы отырған ардақты әріптесіміз, білікті педагог Демесінов Самарқан Демесінұлы өз өмірін білім мен тәрбие саласына арнап, туған мектебінде 40 жылдан астам уақыт бойы өнімді еңбек етті.
Ерекше мақтанышпен айта кетерлігі, Самарқан Демесінұлы өзі білім алған қара шаңырағына қайта оралып, еңбек жолын осы алтын ұяда жалғастырды және бірнеше ұрпақтың тәрбиесі мен сапалы білім алуына өлшеусіз үлес қосты.
Ұзақ жылдар бойы оқу-тәрбие жұмыстарына белсене араласып, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін асқан абыроймен атқарды. Ол шәкірттеріне тек теориялық білім беріп қана қоймай, олардың бойына: еңбекқорлық пен жауапкершілікті, адамгершілік пен кішіпейілділікті, өзара қарым-қатынас және еңбек мәдениетін қалыптастыруға ерекше көңіл бөлді.
Мектеп өмірінің белсенді ұйымдастырушысы ретінде кәсіподақ жұмысына да зор үлес қосып, ұжымның бірлігін нығайтуға, мұғалімдердің құқықтары мен мүдделерін қорғауға аянбай еңбек етті. Әрдайым әділдіктің жанашыры болып, әріптестерінің арасында биік бедел мен шынайы сенімге ие болды.
Самарқан Демесінұлы өз ісінің хас шебері ғана емес, сонымен бірге әрбір шәкірттің жүрегіне жол таба білген үздік сынып жетекшісі. Балалардың бойында көшбасшылық қасиеттерді, ұйымшылдық пен өзара сыйластықты дамыта білді.
Бүгінде ұстаздың тәрбиесін көрген шәкірттері еліміздің түкпір-түкпірінде және шетелдерде табысты еңбек етіп, түрлі салаларда биік белестерді бағындыруда. Олардың әрқайсысы өз мұғалімдерін ерекше құрметпен еске алып, шынайы алғыстарын білдіреді.
Білім мен тәрбие саласына қосқан өлшеусіз үлесі, жоғары кәсіби біліктілігі, адами асыл қасиеттері мен өмірлік ұстанымдары кейінгі буын жас ұстаздарға әрдайым үлгі-өнеге болып қала береді. Ұжым арасында сыйлы, шәкірттері мен ата-аналардың ықыласына бөленген ұстаздың еңбегі – мектеп тарихының алтын шежіресі.
Самарқан Демесінұлына көпжылдық адал еңбегі, шәкірт тәрбиелеудегі табандылығы және білім саласының дамуына қосқан зор үлесі үшін ұжымы үлкен алғыс білдіреді. Ұстаздың есімі мен өнегелі ісі шәкірттерінің жүрегінде және мектеп тарихында мәңгі сақталады.
Шығыс Қазақстан облысы, Самар ауданы, Құлынжон ауылы, «Мектеп-бөбекжай-балабақша кешені» КММ