ӘДІЛДІК САЛТАНАТ ҚҰРДЫ
Әрбір еңбек адамының құқығы – заңмен қорғалатын ең басты құндылық. Ал сол құқыққа қауіп төнген кезде кәсіподақ мүшесін жалғыз қалдырмай, құқықтық тұрғыдан қорғау – кәсіподақтың басты міндеті. Түркістан облыстық кәсіподақ ұйымының құқықтық қызметінің тағы бір нәтижелі жұмысы осы қағиданың нақты дәлелі болды. Ұзаққа созылған еңбек дауы әділ шешімін тауып, кәсіподақ мүшесінің бұзылған құқығы толық қалпына келтірілді.
Түркістан қаласындағы №1 мектеп-лицейдің химия пәнінің мұғалімі Дария Үсенбаеваның зейнеткерлік жасқа толуына байланысты еңбек шарты оқу жылы аяқталмай тұрып, Салалық әлеуметтік әріптестік туралы келісімнің талаптары өрескел бұзыла отырып тоқтатылған. Өзінің еңбек құқықтарының бұзылғанына келіспеген педагог құқықтық көмек сұрап кәсіподаққа жүгінді.
Келтірілген шағым негізінде Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы тексеру жүргізіп, жұмыс беруші тарапынан Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі мен 2024–2026 жылдарға арналған Салалық әлеуметтік әріптестік туралы келісім талаптарының бұзылғанын анықтады.
Тексеру қорытындысымен мектеп басшылығына анықталған заң бұзушылықтарды жою туралы міндетті нұсқама беріліп, педагогке оқу жылын аталған салалық келісім талаптарына сәйкес аяқтауға мүмкіндік берілуі тиіс екендігі көрсетілді.
Сонымен қатар, жұмыс беруші еңбек заңнамасы мен әлеуметтік әріптестік туралы келісім талаптарын бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес 400 АЕК мөлшерінде, яғни 1 730 000 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Алайда еңбек инспекциясының заңды нұсқамасына қарамастан, жұмыс беруші оны орындамаған.
Осыған байланысты Салалық кәсіподақтың Түркістан облыстық ұйымы кәсіподақ мүшесінің мүддесін қорғап, сотқа талап арыз бен жүгінген. Сот барысында кәсіподақтың құқықтық ұстанымы, еңбек заңнамасы мен салалық келісім талаптары бұзылғандығы жан-жақты дәлелденіп, қызметкердің еңбек құқықтарының жұмыс берушімен бұзылғаны толық расталды.
2026 жылғы 24 шілдеде Түркістан қаласының ауданаралық соты әділ шешім қабылдап, мектеп директорының еңбек шартын тоқтату туралы №298 бұйрығын заңсыз деп таныды. Дария Үсенбаева бұрынғы қызметіне қайта орналастырылып, амалсыз бос жүрген уақыты үшін орташа жалақы өндірілді.
Бұл – заң үстемдігі мен кәсіподақтың жүйелі құқықтық жұмысының нақты нәтижесі. Бұл жеңіс – бір ғана педагогтың мәселесінің шешімі емес. Бұл – еңбек заңнамасын сақтау, әлеуметтік әріптестік қағидаттарын құрметтеу және кәсіподақ мүшелерінің құқықтарын қорғаудағы табандылықтың көрінісі. Кәсіподақ әрбір істі заң аясында қарап, соңына дейін жеткізу арқылы еңбек адамының сенімін ақтап келеді. Еңбек адамы өз құқығын қорғауда жалғыз емес екенін бұл іс тағы бір мәрте дәлелдеді.
Түркістан облыстық ұйымы алдағы уақытта да әрбір мүшесінің заңды мүддесін қорғау жолындағы жұмысын жалғастыра береді. Себебі кәсіподақтың күші – оның бірлігінде, ал басты мақсаты – еңбек адамының құқығын қорғау. Әділдік жолындағы әрбір жеңіс – кәсіподақтың ғана емес, барша еңбек адамдарының ортақ жеңісі.