ЖАС МАМАННЫҢ ЖАРҚЫН ЖОЛЫ
Бүгінде білім беру саласына келіп жатқан жас мамандардың кәсіби қалыптасуына жан-жақты қолдау көрсету уақыт талабы. Осы бағытта кәсіподақ ұйымдарының атқарып отырған жұмысы ерекше. «Қуатты кәсіподақтар – еңбек адамының қуатты үні» бірыңғай кәсіподақтық науқанының «Жастар және еңбек болашағы» жобасы да жастардың еңбекке деген ынтасын арттырып, олардың кәсіби және әлеуметтік тұрғыдан дамуына қолайлы жағдай жасауды көздейді.
Осындай қолдаудың игілігін көріп, өз ісіне адалдықпен еңбек етіп жүрген жас педагогтердің бірі – Жамбыл облысы Қордай ауданындағы №23 Тұрар Рысқұлов атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Арман Сәрсеналыұлы Әбдраш.
Жоғары оқу орнын тәмамдаған жас маман еңбек жолын туған ауылындағы мектептен бастады. Ұжымға тез сіңісіп, шәкірттермен тіл табыса білген ол алғашқы күннен-ақ өз кәсібіне үлкен жауапкершілікпен қарады. Бүгінде үшінші жыл қатарынан қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен дәріс беріп, оқушылардың білімге деген қызығушылығын арттыру бағытында нәтижелі еңбек етіп келеді.
Жас ұстаз үшін кәсіби дамудың басты жолы үнемі ізденісте болу. Сондықтан ол білімін жетілдіріп қана қоймай, түрлі аудандық, облыстық және республикалық кәсіби байқауларға белсенді қатысып келеді. Арман Сәрсеналыұлы республикалық «Жаңа мектепке – жаңашыл ұстаз» байқауының аудандық кезеңінде Бас жүлде иеленіп, облыстық кезеңде ІІІ орын алып, республикалық кезеңге жолдама алды. Сонымен қатар облыстық «Абай оқулары» байқауының жүлдегері атанса, республикалық «Мұқағали оқулары» байқауында Бас жүлдені жеңіп алды.
Жас ұстаздың жетістігі тек өзінің кәсіби ізденісімен ғана шектелмейді. Оның шәкірттері де түрлі білім додаларында үздік нәтиже көрсетіп келеді. Биылғы оқу жылында аудандық пән олимпиадасы мен «Мұқағали оқулары», «Бауыржан оқулары», «Қонаев оқулары» сияқты байқауларда оқушылары жүлделі орындарға ие болып, ұстаз еңбегінің нәтижесін дәлелдеді.
Арман Әбдраш жастарға көрсетіліп отырған қолдаудың шығармашылықпен жұмыс істеуге ерекше серпін беретінін айтады. Оның айтуынша, білім саласындағы жас мамандарға кәсіподақ ұйымы тарапынан көрсетілетін қолдау, ұйымдастырылатын семинарлар, кәсіби кездесулер мен байқаулар педагогтердің тәжірибе алмасуына және кәсіби тұрғыдан өсуіне мүмкіндік береді.
– Жас маман үшін қолдау өте маңызды. Ұжымның сенімі мен кәсіподақтың қамқорлығы жаңа бастамаларға жігер береді. Бұл өзіңді дамытуға, ізденуге және шәкірттеріңнің жетістігі үшін аянбай еңбек етуге ынталандырады, – дейді ол.
Арман үшін ұстаздық жай ғана мамандық емес, жас ұрпақтың болашағына жауапкершілікпен қарау. Сондықтан ол әр сабағында оқушының білімін ғана емес, ұлттық құндылықтарға деген құрметін, ойлау мәдениетін және азаматтық ұстанымын қалыптастыруға ерекше мән береді. Жас маманның бүгінгі жетістіктері табанды еңбек пен үздіксіз ізденістің нәтижесі.
Осындай шығармашыл, білімді әрі белсенді педагогтердің қатары көбейген сайын білім саласының да әлеуеті арта түсетіні сөзсіз.
Жамбыл облыстық ұйымы.