ҰЖЫМ СЕНІМІ – ҮЛКЕН ЖАУАПКЕРШІЛІК
Петропавл қаласының Жұмабек Ташенев атындағы №20 орта мектептің бірлігімен жарасқан кәсіподақ ұйымының төрайымы Гүлбақыт Шаймұратқызымен сұхбаттасудың сәті түсті.
1. Сіздің кәсіподақтағы мансабыңыз қалай басталды?
Ең алғашқы еңбек жолымды 2000 жылы бастадым. Сол жылдары кәсіподақ құрамына қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі және кәсіподақ мүшесі ретінде кірген болатынмын. Уақыт өте келе 2017 жылы ұжымның қолдауымен және шешімімен мен кәсіподақ төрайымы болып сайландым. Ұжымның сенімі мен қолдауын сезініп, шешім қабылдадым. Кәсіподақ қызметі қоғамдық жұмыс емес, ол – әріптестерімнің құқығын қорғау, олардың әлеуметтік жағдайына бейжай қарамау, ұжым бірлігін нығайту жолындағы маңызды міндет. Ұстаздық жол мен кәсіподақ қызметі бір-бірімен тығыз байланысты деп ойлаймын. Себебі екеуінің де негізінде – жауапкершілік, адалдық және адамдарға қызмет ету қағидаты жатыр. 2017 жылдан бері осы сенімге берік болып, ұжым игілігі үшін еңбек етіп келемін.
2. Кәсіподақ көшбасшысына қандай қасиет қажет деп есептейсіз?
Менің түсінігімде, кәсіподақ көшбасшысы – тек қызмет атқарушы емес, ұжымның сенімін арқалаған тұлға. Оған ең алдымен әділдік пен адалдық, сабыр мен парасат қажет деп есептеймін. Мен үшін көшбасшылық – биікте тұру емес, керісінше, ұжыммен бірге болу, олардың мүддесін қорғап, бірлік пен сыйластықты сақтай білу.
3. Кәсіподақ қызметінің ұжым және жеке өзіңіз үшін маңызы қандай?
Кәсіподақ қызметінің ұжым үшін маңызы зор деп есептеймін. Ең алдымен, ол ұстаздардың құқығын қорғап, әлеуметтік қолдау көрсететін сенімді тірек. Кәсіподақ ұжымның бірлігін нығайтып, өзара сыйластық пен түсіністікті арттырады. Ортақ мәселелерді бірлесе шешуге мүмкіндік береді. Ал жеке өзім үшін кәсіподақ қызметі – үлкен жауапкершілік мектебі.
4. Кәсіподақпен әлеуметтік әріптестікті жүзеге асыруда мектеп басшысының ұстанымы қандай?
Кәсіподақпен әлеуметтік әріптестікте мектеп директоры Жамулдинова Жібек Искенқызы әрдайым белсенділік танытып, бастамаларды қолдайды. «Бірлік бар жерде – береке бар» деген халық даналығын ұстаным еткен мектеп директоры ұжым мүддесін қорғауда әрқашан жанашырлықпен әрекет етеді. түсіністікке негізделген жұмыс жүргізуі – мектептегі тұрақтылық пен бірліктің кепілі. Осындай сыйластық пен сенім ұжымның рухын көтеріп, ортақ мақсатқа жұмылдыратын күшке айналып отыр.
Солтүстік Қазақстан облыстық комитеті