ҚЫЗМЕТКЕР ҮНІ – КӘСІПОДАҚ НАЗАРЫНДА
Еңбек адамы үшін жұмыс орны тек табыс көзі ғана емес, оның кәсіби абыройы мен тұрақтылығының негізі. Ал қызметкердің еңбек шарты заң талаптарын бұза отырып тоқтатылған жағдайда өз құқығын қорғау – әр азаматтың заңды мүмкіндігі. Осындай жағдайда «Кәсіптік оқудағы көпсалалы колледж» МКҚК өндірістік оқыту шебері Құланбаева Алтынай Серікқызы өзінің еңбек құқықтарын қорғау мақсатында кәсіподақ ұйымына жүгінді.
Қызметкердің өтініші кәсіподақ тарапынан мұқият қаралып, оның еңбек құқығының бұзылуына жол бермеу және заңды мүддесін қорғау бағытында тиісті жұмыстар жүргізілді.
Алтынай Серікқызының бұл жағдайға алаңдауының өзіндік себебі бар еді. 2026 жылғы 19 мамырдағы №73-ж/қ бұйрықпен оның еңбек қатынасы тоқтатылып, қызметкер жұмыстан босатылған. Бұл шешіммен келіспеген Алтынай Серікқызы өз құқығын қорғау үшін кәсіподақтан қолдау сұрады. Кәсіподақтың құқық бөлімінің маманы мәселені жан-жақты зерделеп, еңбек заңнамасы талаптарының сақталуына баса назар аударды..
Мәселенің мән-жайы тиісті тәртіппен қаралып, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің 2026 жылғы 21 шілдедегі №26-ЕК/19 санды нұсқамасы шығарылды. Құжатта анықталған бұзушылықтарды жою жөнінде нақты талаптар қойылды. Сонымен қатар, еңбек заңнамасының талаптарын бұзғаны үшін жұмыс берушіге Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес 400 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды.
Осыдан кейін қызметкердің еңбек құқығын қалпына келтіруге бағытталған маңызды шешім қабылданды. Жұмыс берушінің 2026 жылғы 19 мамырдағы №73-ж/қ бұйрығының күші жойылып, Құланбаева Алтынай Серікқызы 2026 жылғы 20 шілдеден бастап өндірістік оқыту шебері лауазымындағы еңбек қызметін қайта жалғастыру мүмкіндігіне ие болды.
Мұнымен қатар, қызметкердің жұмыста болмаған кезеңі де назардан тыс қалмады. Бұйрыққа сәйкес, бухгалтерия бөліміне Алтынай Серікқызының мәжбүрлі бос жүрген кезеңі үшін орташа жалақысын Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес есептеп, тиісті төлемді қамтамасыз ету тапсырылды. Ал кадр бөліміне еңбек қызметіне қатысты құжаттарға тиісті өзгерістер енгізу міндеттелді.
Бұл – кәсіподаққа жүгінудің нақты нәтижесі. Қиындыққа тап болған еңбек адамының жанынан табылып, оның мәселесін заң шеңберінде шешуге ықпал ету – кәсіподақтың басты міндеттерінің бірі. Алтынай Серікқызының оқиғасы қызметкер өз құқығын біліп, дер кезінде кәсіподақтан қолдау сұраған жағдайда, еңбек дауының әділ шешім табуына мүмкіндік бар екенін көрсетті.
Еңбек адамы жалғыз емес. Оның құқығы бар, ал сол құқықты қорғауда кәсіподақ әрдайым жанынан табылады.
Құқығыңды біл. Кәсіподаққа жүгін. Заңды мүддеңді бірге қорғайық!